Астаналық тұрғын пәтер жалдаймын деп сан соғып қалған, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
32 жастағы әйел пәтер жалдаймын деп алданып қалған. Алаяқтық туралы арызбен полицияға қала тұрғыны жүгінді. Оның айтуынша, белгісіз біреу пәтерлерді жалға беремін деген сылтаумен ақшасын иемденіп алған. “Anti-fraud” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Нұра аудандық криминалдық полициясы бөлім қызметкерлері Батыс Қазақстан облысының 20 жастағы тұрғынын анықтады.
Ол Krysha.kz сайтында жарнамаларды орналастырып, тұтынушыларды арзан бағамен және әдемі фотосуреттермен қызықтырған. Алайда алаяқтың басты шарты пәтердің ақысын алдын ала төлеу болды. Келтірілген шығын көлемі 20-55 мың теңге аралығында болды. Ақшаны алғаннан кейін ол хабарландыруды өшіріп, телефон нөмірін ауыстырған. Оның бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталып, өзге де жәбірленушілер анықталуда. Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - делінген ақпаратта.
Осы жылдың 19-21 ақпан аралығында Астана қаласында “Anti-fraud” жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатыр. Оның негізгі мақсаты – интернет-алаяқтықпен, сондай-ақ ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалған басқа да құқық бұзушылықтармен күрестің тиімділігін арттыру.
Жедел алдын алу іс-шаралары басталғаннан бері – осы санаттағы 18 қылмыстар тіркелді, 4-і ашылды, бұрын жасалған 21 қылмыс анықталды, 16 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды, интернет-мониторинг барысында 4 сайт анықталып, бұғатталды.