Астаналық стилист Қатар аспанындағы жарылыстардың куәсі болды

Отандасымыз Қатар еліндегі жағдайды баяндады.

 pixabay.com Бүгiн 2026, 19:00
Бүгiн 2026, 19:00
185
Фото: pixabay.com

Қатар еліне демалысқа барған елорда тұрғыны Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуына еріксіз куә болған, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Астананың тұрғыны Шахноза қазір сегіз жасар қызымен бірге Қатарда жүр. Дохадағы демалысы жоспар бойынша өтіп жатқан. Алайда сенбі күні таңертең жағажайда жүрген кезде әскери қақтығыс басталғаны туралы хабарламалар келе бастаған.

Басында ештеңе түсінбедім, кейін басқа демалушыларға қарай бастадым. Барлығының телефонына түрлі дабыл хабарламалары келе бастады. Адамдар алаңдап, не болып жатқанын түсінбей қалды. Алғашында аса мән бермедік. Сосын бассейнге барып, күнге қыздырынып жатқанбыз. Кенет қатты тарсыл естілді. Кейін білсек, дрондар зымырандарды атып түсіріп жатқан екен. Бірақ жарылыстың өзін көрмедік, - дейді ол.

Оның айтуынша, демалушылар орындарын тастап, шұғыл түрде қонақүйге оралған. Ақпараттың аздығынан кей адамдар үрейге бой алдырған. Жергілікті ұлттық қауіпсіздік қызметінен ескертулер кешірек келе бастаған. Тұрғындарға ғимарат ішінде болу ұсынылған.

Екінші күн қатарынан қонақүйде жағажайлар жабық. Тіпті ауладағы бақ ішінде де серуендеуге болмайды. Тек қонақүйдің ішінде немесе бөлмеде ғана жүреміз. Тамақ бұрынғыдай беріледі. Бүгін әр елдің азаматтарын тіркеп жатқанын көрдік, кезек өте үлкен. Әрине, қорқынышты. Бүгін таңертең тағы да тарсылдан ояндық. Қауіп бола қалса деп киіммен ұйықтап жүрміз. Құжаттар салынған сөмкені дайындап қойдық. Бірақ шынын айтсам, қайда барарымызды да білмейміз, - дейді қазақстандық.

Сонымен бірге, оның сөзінше, жаппай дүрбелең жоқ. Адамдар әлі де супермаркеттерге барып, кафелерде отыр. Тек бүгін барлығы қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшірілген.

 
Наверх