Астаналық француздың қазақ тілі, қазақ қызы және қазақы отбасы туралы ойлары

19 Қаңтар 2023, 09:53
3089
Бөлісу:
Астаналық француздың қазақ тілі, қазақ қызы және қазақы отбасы туралы ойлары
Фото: BAQ.KZ

Абдулла Хусаин – Қазақстанға көшіп келгісі келетін Франция азаматы. Қазіргі таңда арнайы мектепте балаларға шет тілдерін үйретеді. Ол қазақ тілін Францияда жүргенде үйренуді бастаған. Абдулламен оның елімізде жүргендегі қызықтары мен келешек мақсаттары туралы әңгімелестік, деп жазады BAQ.KZ тілшісі. 

- Қазақстанға келуіңізге не түрткі болды? Бірнеше саланы меңгеріпсіз және қазақ тілді Францияда жүргенде үйренуді бастапсыз... 

- Өзім Францияның Лион қаласынанмын. Бұл менің Қазақстанға екінші рет келуім. Бұған дейін былтыр маусымда болдым. Ол кезде  бір айға ғана саяхаттауға келген едім. Енді көшіп келдім. Қазақстанда жүргеніме үш ай болды. Ұлтым – араб. 

Негізі өзім дзюдомен айналысамын, бірақ жалпы, күрес түрлеріне қатты қызығамын. YouTube желісінен Елдос Сметовтің қалай күресетінін көрдім, оның өнері қатты ұнады. Киімінен Қазақстанның белгісін көріп, онымен байланысуға тырыстым. Себебі, спорт өмірімнің ажырамас бөлігі. Қазақстанға келуіме себепші болған – спорт десем де болады. Кейін интернет желісінде қазақтармен сөйлесе бастадым. Олар маған елдің тілі, мәдениеті және дәстүрі туралы ақпарат берді. Бұл менің қызғушылығымды одан әрі оятты. 

Барлық мемлекетте ғажайып табиғаты мен зәулім қалалары бар. Ал Қазақстанның жақсы адамдары бар. Олар өте мейірімді әрі қонақжай. Қазақтар жаңа іс бастасаңыз қолдау білдіріп, туысындай көмектеседі. Көршілер бір-бірімен өте тату. Франция көрші тұрған үйлердің адамдары бір-бірімен мүлде араласпайды. Халық әбден суынып кеткен.

Мені қазақтың ұлттық спорты қатты қызықтырады. Оның ішінде садақ ату, көкпар тарту, тіпті атқа мінудің өзі керемет әсер береді.

- Қанша тіл білесіз? Қазақ тілін үйренуге бір жылға толмайтын уақыт кетіпті. Қандай әдістеме қолдандыңыз? 

- Қазіргі таңда нақты екі тіл білемін. Французша, ағылшынша ал қазақ тілі мен араб тілін үйреніп жүрмін. Желіде 12 тілді меңгерген полиглотпен таныстым. Ол кісі маған тікелей қазақ тілін үйретті. Мен Қазақстанда орыс тілінің кеңінен қолданатынын естідім, бірақ Қазақстанда жүрген соң ең алдымен қазақша сөйлей білу керек деген ойдамын. Тілді үйрену үшін интернеттен «Жау жүрек мың бала», «Томирис», «Қаш» фильмдерін көріп шықтым. Ол туындылардағы дыбыс қатты ұнады. Маған шет тілдері өлең сияқты, ал қазақ тілі – ести бергің келетін ғажап әуен. 

Сөйлейтін дәрежеге жету үшін екі ай уақыт кетті. Ең бірінші грамматикадан бастадым. Күн сайын ереже жаттауға, оларды есте сақтауға тырыстым. Ең қиыны – қазақ тіліндегі жалғаулар олар көп өзгереді. Мысалы, «Қазақстанда», «Қазақстанның» деген жалғаулардың өзгеріп отыруы біраз қателестірді. Тағы бір есте сақтайтын жағдай, өз бетіммен үйренгенде, google аудармашы арқылы аударма жасап үйренудің қате екенін түсіндім. Интернет бетінен тапқан мәліметтерімнің орыс тілінен қазақ тіліне аударылатынын байқадым. Бұл қазақ тіліне ұқсамайтын сияқты көрінді. Маған түсіну тіпті қиындай түсті. Кейін қазақ тілін білетін арнайы мамандарға жүгінген соң бәрі оңайға соқты. Өйткені маған дұрыс жолды көрсетті. Оның ішінде онлайн түрде Қазақстанның әр қалаларының оқытушыларынан сабақ алдым. Ең ұнағаны Моңғолиядағы қазақтардың қазақ тілі. Өте әдемі әрі таза естіледі. Ол оқытушым маған елдің тарихы мен тілі туралы көп мәлімет берді. Тіпті салыстырмалы түрде ең жақсы ұстазым болды деп айтсам болады. 

- Ол қандай әдіс? Үйренудің ең оңай жолын айтам...

- Ол – сөйлесу. Қазақ тілін үйренудің ең оңай жолы – қазақтармен ауызекі тілде сөйлесу. Мен ережелерді оқып оны тәжірибемен ұштастырдым. Бірақ Қазақстанға келген кезде халықтың орысша араластырып сөйлетінін байқадым. Олар тез-тез әрі басқа тілді араластырып сөйледі. Қазақтармен сөйлескен кезде үйренгенімнің бәрі ұмытып қалғандай сезімде болдым. 

- Бастысы талап, ынта болса дейсіз ғой... 

- Орыстар өте ақылды халық. Олардан нақты талап етсе тез үйреніп алады. Мұндай жағдайды өз басымнан өткіздім. Барған жерімде тек қазақша амандасып, сөйлесемін. Ол жерде түсінбесем бірнеше рет қайта барамын, бірақ әркез қазақша талап етемін. Менің ойымша, бәрімізге сондай әдет қалыптастыру қажет. 

- Жемқорлықты жиі кездестірімдім дедіңіз оқиға қалай болды? 

- Бірінші рет саяхаттауға келген кезде бәрі күшті болды. Көңілімнен шықты. Алайда, екінші рет бірнеше ай жүргенімде біраз қиындықтарға тап болдым. Оқиға маған үлкен сабақ болды. Шынымды айтсам, соның бірі – жемқорлық. Кейбір адамдардың ақша арқылы жеңіл жолмен шешкісі келетінін көрдім.  

Бірде автобусқа мініп, бірден төлем жасауға кірістім. Смартфонымдағы QR арқылы төлем жасадым, алайда маған бақылаушы келіп, келесі аялдамада шығуымды сұрады. Мен оған қайта-қайта жаңа кіргенімді, төлем жасауда тәжірибем жоқ екенін түсіндірдім. Бірақ түсіндіре алмаған секілдімін. Ол маған айыппұл саламыз деп сомма көлемін айтты. Қымбат болған жоқ. Мені аялдамадан түсіріп менің құжаттарымды тексерді. Қасыма екі полицей келді. Құжаттарымның бәрі болды. Кейін маған «Абдуллах, сен қазақша біледі екенсің, саған айыппұл салмаймыз» деді. Мен таңқалдым. Сосын қайтып кетіп бара жатқанда тексерушінің біреуі мені шақырып алып, «бауырым, біз саған мейіріммен қарадық, бірақ кішкене ақша берсеңші» деді. Міне, осындай оқиға болды. Әрине, мұндай жағдай барлық елде бар. Францияда азамат мұндай іс жасаса өмірі айтарлықтай қиындайды. 

- Ендігі мақсатыңыз қандай? 

- Маған қазақтар көп нәрсе берді. Мейірім, махаббат секілді құндылықтар берді. Мен енді халыққа қалай көмектесе аламын деген ойда жүрмін. Мен көп іс істей алмаймын, бірақ мен бәріне қазақ тілдің оңай екенін көрсете аламын. Оны әлеуметтік желіде бәріне дәлелдеп, көрсеткім келеді. Бұл тілді үйренушілерге пайдалы болады.  

- Жастар жайлы қандай ойдасыз?

- Жастар – өте ақылды, білімді. Үстіндегі киімдері де әдемі. Қазақстандық жастар бірнеше шет тілін меңгергісі келеді. Әңгімелескен кезде өз отандарын қатты ұнататынын анық байқаймын. Олардың түрлері әртүрлі. 

Иә, мен Қазақстанда келер кезде толған киіз үйлерді көремін деп ойладым. Бүкіл нәрсе ұлттық киімдер секілді безендірілген деп елестеттім. Бірақ мұнда еуропалық стильге еліктеу бар екен. 

- Сізге ең жиі қойылатын сұрақ қандай? 

- Менен қазақ қыздары туралы ойың қандай деп жиі сұрайды. Қазақ қыздары өте әртүрлі келеді. Мінезі мен әдеттері бір-біріне ұқсамайды. Олар туыс-туғандарына қатты көмектеседі. Бауыры, сіңілдеріне аса қамқор дер едім. Менің ойымша, қазақ жігіттері қыздарды жақсы құрметтеп, сыйлайды. Жігіттерге әйелдері – өте қымбат. Бір-бір үшін жаралған сияқты көрінеді. 

- Елдегі демократияға қандай баға бересіз? 

- Әлемнің кез келген елінде бұл мәселе бар. Адамдар демократияны ең күшті жүйе деп ойлады. Демократияның көп мәселесі бар. Бұл туралы кеңірек талқылай беруге болады. Мысалы, қарапайым ажырасудан бастап, ЛГБТ мәселелері бар. Францияның ажырасу көрсеткіші өте жоғары. Нақты отбасы жоқ. Егер сіз француз қызбен отбасы құрам десеңіз 50 пайызға ажырасатыныңызға сенімді болыңыз. Қазақстанда отбасы институты жақсы дамыған. Өзге отбасылар бір-бірін құрметтейді, жылы байланыс жасайды. Бұл қарапайым дүниелер. Меніңше, демократия көп мәселені шешпейді, демократия – мәселені тудыра береді.

- Астана туралы ойыңыз қандай? 

- Астана – әдемі қала. Бірақ Қазақстан Астанаға ұқсамайды. Қазақстанда шағын қалаларға көңіл бөліну қажет, себебі олар өте көп. Жылдың басында қаланың аязы бойымнан өтіп кетті. Қатты суық болды. Оған дейін күздегі киімдеріммен жүріп едім, кейде бас киімімді де кимейтінмін. Таныс емес әжелердің «басыңа суық тиеді, кисеңші басыңа» дейтін сөздерін естідім. Қатты суық болмайтын шығар деп ойлағам, бірақ қаланың аязын көргеннен кейін қаптап киініп алатын болдым. 

Астанада пәтер жалдап тұрып жатырмын. Бағасы қымбат деп айта алмаймын. Айына құны – 200 мыңдай төлеймін. Менің ойымша, баға жас қала үшін қымбат емес. Қазіргі таңда жекеменшік мектепте балаларға тіл үйретумен айналысамын. 

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет! 

Өзгелердің жаңалығы