Елордада ПІБ Медициналық орталық ауруханасының нейрохирургтері сирек әрі ауыр гемифациалды спазм дерті бар науқасқа заманауи эндоскопиялық операцияны сәтті жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Аз инвазиялы әдістің арқасында аурудың негізгі себебі жойылып, науқастың өмір сапасы қалпына келді.
Науқас бірнеше жыл бойы бетінің сол жақ бөлігіндегі бұлшықеттердің өздігінен жиырылуына байланысты дәрігер бақылауында болды. Ауру біртіндеп күшейіп, күнделікті тұрмысы мен өмір сапасына айтарлықтай әсер етті. Бұған дейін дәрі-дәрмекпен емдеу нәтиже бермеген соң, квота аясында операция жасау туралы шешім қабылданды, – деді нейрохирург Әбубәкір Зұлпықаров.
Операция барысында нейрохирургтер бас сүйектің артқы бөлігі арқылы сол жақ бет нервісіне эндоскопиялық микроваскулярлық декомпрессия жасады. Араласу кезінде бет нервісінің артериялық қан тамыры тарапынан қысылғаны анықталды. Хирургтер нервті тамырдан толық оқшаулап, дәл декомпрессия жүргізді. Соның нәтижесінде аурудың негізгі себебі жойылды.
Бұл операцияның ерекшелігі – эндоскопиялық әдістің қолданылуы. Ол дәрігерге мидың терең әрі жетуі қиын бөліктерінде еркін жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Кәдімгі микроскопиялық тәсілге қарағанда, эндоскоп кең көру аясын қамтамасыз етіп, бейнені анық көрсетеді. Соның арқасында бұрын байқалмайтын аймақтардағы жүйке мен қан тамыры арасындағы қақтығыстарды да көруге болады.
Эндоскопиялық әдісті қолдану операцияны аз инвазиялы етеді: кесу көлемі азаяды, айналадағы тіндер аз зақымдалады, асқыну қаупі төмендейді және науқас тезірек қалпына келеді. Мұндай тәсіл аурудың белгілерін ғана емес, оның негізгі себебін жоюға мүмкіндік беріп, ұзақмерзімді жақсы нәтиже береді.
Операциядан кейінгі кезең асқынусыз өтті. Науқас алғашқы тәуліктен бастап белсенді болды, неврологиялық жағдайында ешқандай нашарлау байқалмады. Бет бұлшықеттерінің тартылуы толық тоқтап, барлық шағым жойылды.
Жасалған операция эндоскопиялық микроваскулярлық декомпрессияның гемифациалды спазмды емдеудегі ең тиімді әрі заманауи әдістердің бірі екенін көрсетті. Сонымен қатар бұл аталған орталықтағы нейрохирургия қызметінің жоғары деңгейде екенін және озық технологиялардың кеңінен қолданылып жатқанын дәлелдейді.