Елордалық полицейлер жаңа танысының шотынан ақша жымқырған ер адамды анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ Астана қаласы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицияға қала тұрғыны жүгініп, оның шотынан ақша ұрланғанын айтып арызданған.
Жәбірленушінің айтуынша, ол сол жақ жағалауда орналасқан кафелердің біріне уақыт өткізу үшін келгенде бейтаныс ер адаммен танысқан. Екеуінің арасында әңгіме өрбіп, бірге ішімдік ішкен.
Отырыс барысында қаскүнем қолайлы сәтті пайдаланып, жәбірленушінің ұялы телефоны арқылы 289 мың теңгені өз шотына аударып, мекемеден кетіп қалған. «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Есіл ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері 26 жастағы ер адамды анықтады. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, ер адамның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда. Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға сақ болуды, бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертеді, - делінген ведомство хабарламасында.