Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 15 қыркүйекте елордада емханаларға тіркелу науқаны басталады. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
«Жыл сайын 15 қыркүйек мен 15 қараша аралығында елорда тұрғындарына бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) көрсететін емдеу мекемелеріне өз қалауы бойынша тіркелу мүмкіндігі беріледі. Биыл бұл науқандық шара барысында өзгерістер бар. Атап айтқанда, тұрғындар енді таңдаған емдеу мекемелеріне eGov электронды үкімет веб-порталы арқылы сұраныс жібереді. Ол үшін электрондық-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болуы қажет. Емханаға тіркелу процесін автоматтандырудың арқасында түрлі тәртіп бұзушылықтарға жол берілмейді. Яғни, енді тіркелу туралы сұранысты қолдан жасау мүмкін емес», - делінген хабарламада.
Қордың мәліметінше, осы орайда маңызды бір мәселені ескерген жөн. Емхана немесе дәрігерлік амбулаторияны еркін таңдау принципі тек тұрғылықты жердің әкімшілік-аумақтық бірлігімен ғана шектеледі. Республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда ол – пациенттің тұратын ауданы.
«Бұрын ондай шектеу болған жоқ. Алайда іс жүзінде ондай еркіндік бірқатар қолайсыздықтар туындатты. Мәселен, тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген адамдарға, оның ішінде жүкті және жаңа туған нәрестелерге қызмет көрсету жағынан қиын болды. Осы жайларды ескере келе, нормативтік базаға өзгерістер енгізілді. Енді, БМСК-ны қаладағы бір ауданның аясында ғана таңдауға болады» - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Н.Қабдықапаров.
Тіркеу кезінде ата-анасы да, балалары да бір емханаға баратындай отбасылық қызмет көрсету принципіне басымдық беріледі. 18 жасқа толмаған балаларды олардың заңды өкілдері тіркеуге құқылы. БМСК ұйымында тіркелген адамдар шамадан тыс көп болса, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен басқа емханаға тіркемей қоюы да мүмкін. Қолданыстағы нормативтер бойынша, дәрігер қабылдауына келген адамға жеткілікті көңіл бөлінуі үшін, жалпы практика дәрігерінің учаскесінде 1 700 пациенттен артық болмауы тиіс. Осы ретте, қор медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында жүйелі жұмыс жүргізуде. Медициналық сақтандыру жүйесін енгізу қарсаңында бұл шаралар үлкен маңызға ие.
Науқан кезінде тіркелу – бұл өз қалауың бойынша емхана таңдау. Дегенмен, елорда тұрғындары жыл аяғына дейін емхананы бірнеше жағдайда ауыстыруға құқылы. Біріншіден, адамның тұрғылықты жері бір айдан астам уақытқа өзгерсе, екіншіден, емхана қайта ұйымдастырылса және ол қордың қызмет жеткізушілері қатарынан шығып кетсе, тіркеуді ауыстыруға мүмкіндік бар.
Тіпті, ешбір себепсіз жылына бір рет тұрғылықты жері аймағында емхананы ауыстыруға болады. Ескеретін жайт, жаңадан таңдаған емханаға 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап баруға болады. Жылдың соңына дейін тұрғындарға бұрынғы БМСК қызмет көрсете береді.
Тіркелу науқаны ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық қызмет көрсетуге үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің деректер базасында тіркелген емдеу мекемелері арасында ғана жүргізіледі. Деректер базасы туралы ақпаратты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайтынан қарауға болады.