Премьер-министрдің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова үкіметтегі мәлімдемесін қайта түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еске сала кетсек, бүгін үкіметте Еңбек министрі Тамара Дүйсенова Астанаға келетін халық саны реттелетінін айтқан болатын.
Дүйсенова түсіндіруінше, азаматтардың Астанаға келуге ешқандай шектеу жоқ, шектеу тек қаланың бас жоспарына байланысты. Ал Үкіметтегі мәлімдемесінде сұрақты дұрыс түсінбей қалғанын айтады.
Қазақстанның азаматтары үшін Астанаға келіп тұру, кіру, шығу бойынша шектеу болмаған және болмайды да. Конституцияға сәйкес осы күнге дейін елордаға келу мен кетуге ешқандай шектеу болмаған. Осыны барлығыңызға жеткізейін деп едім. Үкімет отырысында Бас жоспардағы шектеу жайлы айтылды. Ішкі көші-қонушыларды тұратын жер бойынша саяжай және бау-бақша серіктестеріне есепке қою алып тастау ұсынылды. Қазір тұруға арналмаған орындарға адамдарды тіркеуге болмайды,- деп түсіндірді Дүйсенова.