Астанада қар тазалау жұмысы тәулік бойы, тоқтаусыз жүріп жатыр. Коммуналдық қызметтер күн сайын қаладан ондаған мың текше метр қар шығарады, деп хабарлайды BAQ.KZ елорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
15 қаңтардағы күндізгі ауысымда қар тазалау жұмысына 2 400-ге жуық жол жұмысшы және 1 200-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.
15 қаңтарға қараған түні елордадан қар полигондарына 32 мың текше метрден астам қар 2 409 рейспен шығарылды.
Қыс мезгілінің басынан бастап қаладан 250 944 ауыр жүк рейсімен 3 млн текше метрден астам қар шығарылды.
Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.
Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.
Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.
Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.
Төтенше жағдай туындаған кезде "112" нөміріне хабарласыңыз.