Бұл туралы Астана қаласы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мамыр айынан бастап қаладағы субұрқақтар іске қосылады. Күн ыси бастағаннан-ақ олар астаналықтар үшін сүйікті серуендеу орнына айналады. Алайда соңғы жылдары кейбір тұрғындар субұрқақтың маңында сергіп қана қоймай, оған шомылатындардың қарасы көбейген.
Айта кету керек, субұрқақтар шомылуға арналмаған. Олар – қаланың көркін келтіретін абаттандыру элементі, әрі айналадағы ауаны ылғалдандыру қызметін атқарады. Сондықтан оларды бастапқы мақсатына сай пайдаланбау денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін. Субұрқақтар – ашық әрі қоғамдық кеңістіктерде орналасқан нысандар. Олардың суы тез ластанады: желмен ұшқан қоқыс, жапырақ, шаң-тозаң, ұшқан жәндіктер суға түсіп, ондағы санитарлық жағдайды нашарлатады, - деп ескертті елорданың Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары.
Сонымен қатар бұл жерлерде үйсіз жануарлар зоонозды инфекциялар тасымалдауы мүмкін. Ал құстардан орнитоз жұқтыру қаупі бар. Сондай-ақ ішек инфекциялары, зең, вирустар сынды түрлі жұқпалы аурулардың тасымалдаушысы болуы ықтимал адамдар шомылып кетуі мүмкін. Олардың ішінде белгілі бір тұрғылықты жері жоқ тұлғалар да кездеседі.
Жаз мезгілінде ауа температурасының жоғары болуына байланысты судағы микроорганизмдер тез көбейеді. Бұдан бөлек, субұрқақ құрылымындағы сорғы, құбыр және жарық шамдарының айналасында шомылу – электр және механикалық жарақаттарға әкеп соқтыруы ықтимал. Субұрқақ суында жеміс-жидек жуып, қол шаю да – денсаулыққа қауіпті. Мұндай әрекеттер тек арнайы жабдықталған, ауызсу берілетін орындарда ғана жасалуы керек, - деді Мұхамғали Арыспаев.
Айта кетерлігі, Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамырдан қыркүйекке дейінгі аралықта субұрқақ суының сапасын үнемі зертханалық бақылауда ұстайды.
2025 жылы қала субұрқақтарынан алынған 112 су сынамасының ішінде 8 сынамада – түсі мен лайлылығы бойынша, ал 2 сынамада – микробиологиялық тұрғыда ішек таяқшасының шекті мәннен жоғары көрсеткіші анықталған.