Астанада болған қайғылы өрттен аман қалған әйел есін жиғанымен, жағдайы әлі де ауыр күйде қалып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Өрт салдарынан үш бірдей баласынан айырылған әйел жетінші тәуліктен бері жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайының ауыр болуы күйік ауруына, тыныс алу жолдарының зақымдануына және ағзаның улануына байланысты.
Дәрігер-травматолог Марат Сабировтың сөзінше, қазіргі таңда науқас есін жиып, медицина қызметкерлерінің нұсқауларына жауап беріп жатыр. Оған қажетті дәрі-дәрмекпен қолдау көрсетілуде, ал тыныс алуы жасанды тыныс алу аппаратының көмегімен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар жүрек жұмысы мен артериялық қысымы тұрақты деңгейде сақталып отыр.
Еске салайық, Астанада көпқабатты үйден өрт шығып, үш бала қаза тапты.