Астанада көпқабатты тұрғын үйден шыққан өртпен күрес әлі жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Динара Нұрғалиева мәлім етті.
Тілсіз жаумен күреске 80-ге жуық маман және 17 техника жұмылдырылды. Өрт болған аумақта арнайы штаб құрылды, қазір көпқабатты тұрғын үйдегі әрбір пәтер тексеріліп жатыр. Дәл қазіргі ақпарат бойынша зардап шеккендер жоқ, — деді Динара Нұрғалиева оқиға орнында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап беріп.
Дегенмен оқиға орнында жедел жәрдем қызметкерлері көмекке дайын тұр.
Оның айтуынша, ғимарат 27 қабаттан тұрады, оның ішінде 26 қабаты — тұрғын үй.
Көпқабатты тұрғын үйдің 180 шаршы метрін жалын шарпыды. Тұрғындар уақтылы эвакуацияланды, нақты айтқанда ТЖМ мамандарының көмегімен 8 адам құтқарылды, оның ішінде 2 бала бар, — дейді ол.
Өрттің таралу қаупі жойылды. ТЖМ күштері мен құралдары жұмыс атқаруда.