Астанадағы оқушы орнының тапшылығы 26 мыңнан асады – министр

8 Қараша 2022, 09:23
829
Бөлісу:
Астанадағы оқушы орнының тапшылығы 26 мыңнан асады – министр

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Елорда маңында орналасқан «Лесозавод» ауданындағы №49 мектепке барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 Мұнда 1 300-ден астам бала оқиды. Мектептегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмыстармен танысып, оқу кабинеттерін араладым, кітапханада оқушылармен және кітапханашымен әңгімелестім. Сондай-ақ әріптестеріммен жұмыс мәселелерін талқыладық, - деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.

Министр «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында жаңа мектептер салу жоспарланып отырған бірнеше орынға барды.

Астанадағы білім басқармасының мектептерде оқушылар сарайының филиалдары мен басқа да қосымша білім беру ұйымдарын ашу бойынша оң тәжірибесін атап өткім келеді. Мысалы, бұл мектепте авиамодельдеу, бокс, волейбол және т.б. үйірмелер жұмыс істейді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында жаңа мектептер салу жоспарланып отырған бірнеше орынға бардық. Бұл Керей және Жәнібек хандар көшесіндегі (әрқайсысы 2 000 оқушы орны), Төле би көшесіндегі (2 000 оқушы орны) және Байтұрсынов 7 көшесіндегі (600 оқушы орны) мектептер, - деді ол.

Қазір қалада оқушы орнының тапшылығы 26 мыңнан асады. 

Бұл мәселені шешу үшін 2024-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде екіауысымда 85 мыңға жуық оқушы орнын қамтамасыз ететін 24 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған. Басым көпшілігі 2024 салынып бітеді. Ұлттық жобаны іске асыруға жетекшілік ететін Астана әкімдігінің өкілдері жер учаскелерін бөлу, ЖСҚ дайындау, инженерлік инфрақұрылым және т.б. мәселелерді шешіп жатқанын атап кеткім келеді. Болашақта елордада білім беру объектілерін салу үшін 102 жер учаскесін бөлу жөніндегі шешім де уақытылы қабылданды. Президенттің жаңа ұлттық жобаны іске асыру жөніндегі тапсырмасы аясында алдағы уақытта үшауысымды оқыту мәселесі ғана емес, оқушы орындарының тапшылығы да толық шешіледі, - деді Асхат Аймағамбетов.

Өзгелердің жаңалығы