Астанадағы үш қабатты ғимаратта шыққан өрт оқшауланып, сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өртті сөндіру үшін су оқпандары берілді, сондай-ақ сөндіру жұмыстары биік техникалар арқылы да жүргізілуде. Алайда, өрт туралы хабар кеш берілгендіктен, жалын бүкіл ғимарат аумағына тарап, үлкен көлемде өршіген. Тілсіз жау аралық қабаттың бір бөлігін опыртып жіберіп, "Орда" базары ғимаратына қарай таралу қаупін тудырды.
Өртті сөндіру жұмыстары жоғары жану жүктемесі мен қатты түтіндеу салдарынан күрделі болды. Соған қарамастан, қабылданған шұғыл шаралардың арқасында өрт 07:10-да оқшауланды.
Айта кетерлігі, базар әкімшілігі өрт шыққаны туралы хабарламаған. Өрт сөндірушілер бірінші және үшінші қабаттардың терезелерінен шыққан қою қара түтінді байқап, оқиғаны өз бетімен анықтаған.
Оқиға орнына Астана қаласының ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың 100 қызметкері мен шамамен 60 техникасы жұмылдырылды. Су үздіксіз жеткізілуде.
Алдын ала мәліметке сәйкес, зардап шеккендер туралы ақпарат 112 қызметіне түспеген. Өрттің нақты аумағы мен шығу себебі анықталу үстінде.