Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Астанадағы әскери госпиталь заманауи техникамен жабдықталды

Бүгiн, 08:54
195
Бөлісу:
 Қорғаныс министрлігі
Фото: Қорғаныс министрлігі

Астанада Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталінің алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бөлімшесінде материалдық-техникалық жаңарту жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бөлімшеде жөндеу жүргізіліп, эксперттік санаттағы ультрадыбыстық диагностика аппараты, соққы-толқынды және жарық терапиясы құрылғылары, көз және ЛОР ауруларын диагностикалауға арналған жабдықтар, сондай-ақ гормондық көрсеткіштер мен онкомаркерлерді анықтайтын автоматтандырылған анализаторлар іске қосылды.

Мекеме басшысы, медицина қызметінің майоры Земфира Муслимованың айтуынша, жаңартылған бөлімше енді әскери қызметшілерге, олардың отбасы мүшелеріне және Қарулы күштердің ардагерлеріне заманауи стандарттарға сай көпсалалы медициналық қызмет көрсетеді.

Бөлімшеде күндізгі стационар, стоматологиялық, диагностикалық, физиотерапиялық және амбулаториялық-емханалық қызметтер жұмыс істейді. Күндізгі стационардың ашылуы пациенттердің тәулік бойы ауруханада жату қажеттілігін азайтты.

Сондай-ақ мұнда профилактикалық тексерулер, вакцинация, әскери-дәрігерлік сараптама және санаторий-курорттық емдеуге іріктеу жүргізіледі. Басшылықтың мәліметінше, жаңғырту медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы