Астанадағы №176 референдум учаскесінде дауыс беру қалыпты жағдайда өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Учаскеде барлығы 2630 азамат дауыс беруге тіркелген. Түске дейін 400-ге жуық адам дауыс беріп үлгерді. Дауыс беру барысын 11 байқаушы бақылап отыр.
Алғашқылардың бірі болып дауыс берген тұрғындардың бірі Айнұр Бақшиева референдумның маңызы зор екенін айтты.
Мен үшін әр қазақ халқына маңызы зор. Себебі жаңа Ата заңды қабылдау – халықтың болашағы үшін, – дейді дауыс беруші Айнұр Бақшиева.
Учаскеге келгендердің арасында мемлекеттік қызметкерлер де бар. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов дауыс бергеннен кейін көңіл-күйі туралы сұраққа қысқа жауап берді.
Көңіл-күй жақсы. Өте маңызды деп ойлаймын, – деді Шыңғыс Әрінов.
Зейнеткер Ғалым Ордабаев референдумға болашақ ұрпақты ойлап келгенін айтты.
8 жыл зейнеттемін, немерем бар. Біз балаларымызды ойлап дауыс бердік. Референдумнен көп нәрсе күтеміз. Бүкіл халықтың мақсаты бір, бастысы тыныштық болсын. Екіншіден, экономикамыз көтерілсін. Халықтың әл-ауқаты жақсара берсін, – дейді ол.
Ал мұғалім Ақмарал Бекниязова Конституцияға енгізілетін өзгерістер елдің болашағына оң әсер етеді деген пікірде.
Референдумның маңызы өте зор. Өйткені Қазақстанның болашағы үшін Конституциямызға жақсы өзгерістер енгізіліп жатыр. Бұл өзгерістің арқасында еліміздің, жастарымыздың болашағы жарқын болады деп есептеймін, – деді мұғалім.
Еске салайық, бүгін елімізде республикалық референдум өтіп жатыр. Дауыс беру учаскелері кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді.