Астанада жаяу жүргіншілер өткелінде велосипедпен келе жатқан жасөспірімді көлік қағып кетті. Оқиғадан кейін жүргізуші тоқтамай, жолын жалғастырған.Әлеуметтік желілерде тараған видеода Toyota RAV4 автокөлігінің Сығанақ даңғылы мен Төле би көшесінің қиылысында велосипедпен келе жатқан жасөспірімді қағып кеткені көрінеді.
Кадрлардан соққы салдарынан баланың жерге құлап, аяғындағы аяқ киімінің ұшып кеткенін байқауға болады. Дегенмен жасөспірім ауыр жарақат алмағанға ұқсайды, өйткені ол өздігінен орнынан тұрған.
Алайда жүргізуші көліктен шықпастан, оқиға орнынан кетіп қалған.
Астана қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, жол-көлік оқиғасына қатысы бар Toyota RAV4 жүргізушісі анықталды.
Жүргізуші реттелетін жаяу жүргіншілер өткелі арқылы бағдаршамның рұқсат етілген сигналы бойынша өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні қағып кеткен, – делінген ведомство мәліметінде.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданады. Көлік коммуналдық айып тұрағына қойылған.