Елордада ауа райының нашарлауы, соның ішінде екпінді жел мен көктайғақ байқалады. Қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр және жолдарда көктайғақтың орнауына жол бермес үшін барлық шаралар қабылданып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ауа райының құюылуына, жаңбыр түрінде жауын-шашынның көп жаууына және температураның өзгеруіне байланысты көшелерде көктайғақ орнайды.
Қала тұрғындарының қауіпсіз жүруі үшін жолдарға, тротуарлар мен көшелерге құм-тұз қоспасы себіледі. «Қазгидромет» РМК деректері бойынша Астанада 5 желтоқсан күні боран, көктайғақ, екпіні 23 м/с дейін жел күшейеді деп күтілуде.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарынан жазатайым оқиғаларға тап болмас үшін көшеде жүргенде өте мұқият және сақ болуды сұрайды.