Астанада жарнамалар неліктен алынып жатыр? Әкімдік түсініктеме берді

26 Наурыз 2024, 20:15
596
Бөлісу:
Астанада жарнамалар неліктен алынып жатыр? Әкімдік түсініктеме берді
Фото: Елорда әкімдігінің ресми сайты

Астана қаласының сырт келбетін бірыңғай дизайн-кодқа келтіру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Биыл жыл басынан бері тиісті талаптарға сай келмеген 1000-ға жуық жарнама тақтайшасы алынып тасталды, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Айта кетерлігі, бес аудан әкімдігінің қызметкерлері заңсыз және сәйкес келмейтін жарнаманың дизайн-кодын түсіндіру және алып тастау бойынша көшпелі іс-шаралар өткізіп жатыр. Кәсіпкерлерге тиісті түсіндірулер жүргізіледі, сол сияқты дизайн-кодқа сәйкес келмейтін маңдайшаларды ауыстыру қажеттілігі туралы буклеттер беріледі.

Елорданың бірыңғай архитектуралық-көркемдік келбетіне «Астана-Жарнама» КММ жауапты, сондай-ақ мекеме қала аумағында орналасқан сыртқы (көрнекі) жарнамаға мониторинг жүргізеді.

Жыл басынан бері ғимараттар мен құрылыстардың 161 қасбетіне тексеру жүргізілді, оның нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес келмейтін және Астананың бірыңғай сәулеттік келбетін бұзатын сыртқы жарнаманың 1000-ға жуық элементі алынып тасталды.

Мекеме қызметкерлері 1238 кәсіпкерлік субъектісін қабылдады, оларға ғимараттардың (құрылыстардың) қасбеттерін сәулеттік-көркемдік безендіру мәселелері бойынша қолданыстағы заңнаманың талаптары түсіндірілді;

Сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілері белгілерінің 564 эскизі қаралды.

Өзгелердің жаңалығы