Астанада танымал блогерлер Жанабыловтарға қатысты іс бойынша алдын ала сот тыңдалымы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сот қорғау тарапының сот отырысын жабық форматта өткізу туралы өтінішін қанағаттандырмады.
Айыпталушылардың адвокаттары іс материалдарында коммерциялық құпияға жататын мәліметтер болуы мүмкін екенін алға тартқан. Алайда судья істі жария түрде қарау туралы шешім қабылдады.
Сонымен қатар айыпталушылар Жанабыловтар сот отырыстары кезінде өздерінің қатысуымен фото және бейнетүсірілім жүргізуге қарсы шықты. Осыған байланысты сот процесі барысында айыпталушыларды фотоға және видеоға түсіруге тыйым салынды.
Прокурордың айтуынша, тергеу барысында екі күдіктінің де ақшалай қаражатты қылмыстық жолмен алу тәсілінен хабардар болғаны анықталған. Сондай-ақ олар қаражаттың түсу схемасын ұйымдастыруға қатысып, кейін сол қаражатқа билік еткені белгілі болған.
Қазақстан Республикасының «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» заңына сәйкес, қылмыстық жолмен алынған табыстар қылмыстық-құқықтық тұрғыда бағалануға тиіс.
Сонымен қатар Қылмыстық-процестік кодекстің 321-бабына сәйкес, алдын ала тыңдау мына жағдайларда өткізіледі:
• істі соттылық бойынша жолдау туралы шешім қабылдау қажет болғанда;
• істі прокурорға қайтару мәселесі қаралғанда;
• іс жүргізуді тоқтату немесе уақытша тоқтата тұру қажет болғанда;
• қылмыстық істерді біріктіру немесе бөлу мәселелері қаралғанда.
Еске салайық, бұған дейін ҚР Туризм және спорт министрлігі әлеуметтік желілерде заңсыз ұтыс ойындарын өткізгендерді тексеретінін мәлімдеген.
Сондай-ақ министр Ербол Мырзабосынов блогер Жанабыловтардың конкурсына байланысты туындаған дау жөнінде пікір білдірген.
Астанада блогер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайының ісі бойынша адвокат сот шешімін заңсыз деп атап, шешімге апелляция берілген болатын.
Әкімшілік істен қылмысқа дейін ұласқан "Жанабыловтар ісі" қоғамға қалай әсер еткені жайлы арнайы шолуымызды мына жерден оқи аласыздар.
ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактілері бойынша блогерлер Ерболат Жанабылов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтап, олардың үйқамаққа алынғанын хабарлаған болатын.