Астана әкімдігінде «Нұра» ауданының шекарасы анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жаңа ауданның шекарасы 19 336 га болып, келесідей белгіленді: Есіл өзені бойымен қаланың батыс бөлігінде шығысқа қарай Қабанбай батыр даңғылына дейін, одан әрі Қабанбай батыр даңғылының тақ жағы және Қарқаралы тас жолының батыс жағымен қаланың оңтүстік шекарасына дейін, - делінген хабарламада.
Жаңа ауданға «Нұра» атауын беру туралы ұсыныс Астана қаласы ономастика комиссиясының отырысында, Астана қаласы мәслихатының қоғамдық тыңдауларында, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында және т.б. қаралып, қолдау тапты.
Аудан әкімі, аудан әкімдігі қызметкерлерінің штаттық саны, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері және басқа да ұйымдастыру жұмыстары қалалық мәслихаттың жаңа құрамы құрылғаннан кейін айқындалатын болады.
Қазіргі уақытта қалада төрт аудан бар, бесіншісі құрылып жатыр.