Астанада заманауи Fly Park экстремалды скейт алаңы ашылды

Fly Park аумағында 6 трюктік элемент орнатылған. Құрылымның биіктігі 3,5 метрден асады, ал алаң бір мезетте 25 адамды қабылдай алады.

 Астана қаласының әкімдігі Бүгiн 2026, 08:32
Бүгiн 2026, 08:32
195
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астананың Байқоңыр ауданындағы «Ататүрік» саябағында жаңа Fly Park экстремалды скейт алаңы пайдалануға берілді. Жоба «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылып, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.

Жаңа спорт алаңы экстремалды спорт түрлерімен айналысатын жастарға арналған. Мұнда BMX велосипедтері, трюктік самокаттар және скейтборд тебуге арналған арнайы аймақтар қарастырылған.

Fly Park аумағында 6 трюктік элемент орнатылған. Құрылымның биіктігі 3,5 метрден асады, ал алаң бір мезетте 25 адамды қабылдай алады.

Алаңның ашылуына орай шағын жарыстар ұйымдастырылып, оған елорда тұрғындарымен қатар, жақын өңірлерден келген спортсүйер жастар да қатысты.

Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманбердінің айтуынша, жаңа нысан жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік береді.

Іс-шара аясында «Астана есірткіге қарсы» акциясы да өтті. Ұйымдастырушылар жастарға салауатты өмір салтының маңызын түсіндіріп, спорттың зиянды әдеттердің алдын алудағы рөлін атап өтті.

Елордалық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Жандос Сетеновтің сөзінше, спорттық орта жастарды мақсатқа, тәртіпке және белсенді өмір салтына баулиды.

Қазіргі таңда Астанада экстремалды спорт түрлерімен 2000-нан астам адам тұрақты түрде айналысады. Мамандар жаңа спорт кеңістігі жастар арасында спорт мәдениетін дамытуға және белсенді демалысты насихаттауға серпін береді деп отыр.

Наверх