Астанада XIX халықаралық Kaztraffic-2023 көрмесі басталды

15 Қараша 2023, 13:00
486
Бөлісу:
Астанада XIX халықаралық Kaztraffic-2023 көрмесі басталды
PHOTO
Фото: Көлік министрлігі

Дәстүрлі іс-шара Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Көрмеде Қазақстан, Ресей Федерациясы, Германия, Түркия, АҚШ және Қытайды қоса алғанда, әр түрлі елдерден 100-ден астам қатысушы жол құрылысы, сонымен қатар қауіпсіздік және автомобиль жолдарын цифрландыру саласындағы заманауи ғылыми және техникалық әзірлемелерін көпшілік назарына ұсынады.

Астанада XIX халықаралық Kaztraffic-2023 көрмесі басталды

Іс-шараның ашылу салтанатында Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев сөз сөйлеп, аталған көрмені ұйымдастырудың негізгі мақсаттарына тоқталып өтті.

Автожол желісін дамыту және одан әрі жетілдіру күн тәртібіндегі басым міндет болып табылады. Бүгінгі таңда еліміздің жол шаруашылығы алдында негізгі міндеттер айқындалды. Атап айтқанда, автожолдардың пайдалану жай-күйін қамтамасыз ету және олардың сапасын арттыру, заманауи жол инфрақұрылымын құру, жолдардағы қауіпсіздікті және автомобиль қозғалысын тиімді әрі пәрменді басқару, сондай-ақ оларды жазғы және қысқы күтіп-ұстаудың талап етілетін деңгейін қамтамасыз ету. Бұл міндеттерді шешу үздік әлемдік тәжірибені, ұйымдастырушылық, басқарушылық және техникалық шешімдерді тартуды талап етеді, - деді Көлік министрінің орынбасары.

Ресми бөлімнен кейін ҚР Көлік министрлігі мен PIARC Дүниежүзілік жол қауымдастығы басшылығы экспозицияны аралайды.

Астанада XIX халықаралық Kaztraffic-2023 көрмесі басталды

Көрме барысында Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен «Инновациялар мен инфрақұрылымның қиылысы: жол саласын дамыту формуласы» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді.

Конференцияда автомобиль жолдарының инновациялары, сапасы, қауіпсіздігі және дамуына қатысты өзекті мәселелер қаралатын болады. Конференция жұмысына ҚР ІІМ, PIARC Дүниежүзілік жол қауымдастығы, оқу орындары, Қазақстан, ҚХР, Моңғолия және Беларусь, АҚШ, РФ және басқа да елдердің ғылыми-зерттеу және жол ұйымдарының өкілдері қатысады.

Астанада XIX халықаралық Kaztraffic-2023 көрмесі басталды

Айта кетерлігі, ҚазжолҒЗИ Көпірлер мен жол инфрақұрылымын басқарудың цифрлық жүйелері, жол материалдарының сапасын бақылау жүйелері сияқты IT-инновацияларды әзірлеуге және енгізуге белсенді қатысып келеді. Сонымен қатар институтқа автожол саласының нормативтік-құқықтық актілерінің «Infozhol» электрондық базасын өзектендіру бойынша жауапкершілік жүктеліп отыр. Базада 1,2 мыңнан астам құжат бар.

Астанада XIX халықаралық Kaztraffic-2023 көрмесі басталды

Сондай-ақ көрмеге автожолдардың сапасын жақсарту үшін цифрлық технологияларды енгізумен айналысып жатқан Көлік министрлігіне қарасты Жол активтері сапасының ұлттық орталығы және жолдарды салу, реконструкциялау, жөндеу, сонымен бірге жол бойындағы сервис объектілерін дамытуға жауапты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы қатысып жатыр.

Көрме аясында Жолшылардың Үкіметаралық кеңесі ТМД елдерінің көлік саласындағы интеграциясы тақырыбында 47-ші отырысты өткізеді.

Өзгелердің жаңалығы