Бүгін Астанада жастар көптен күткен ерекше шара "AulaFest" жобасының қорытынды кеші болып өтті. Шара елордадағы аула клубтарының жұмысын қорытындылап қана қоймай, жыл бойы жетістікке жеткен өнерлі балалар арнайы алғыс хаттармен марапатталды.
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
Шараның негізгі ұйымдастырушысы Астана қаласы әкімдігінің "Астана жастары" мекемесінің медиа және PR бөлімінің басшысы Анара Мурзабаеваның айтуынша мұндай кеш бірінші рет ұйымдастырылып отырған жоқ.
Астана қаласында жалпы 10 аула клубы бар. Онда 2000-нан астам тәрбиеленуші оқиды. "AulaFest" – жай ғана концерт емес. Бұл қаладағы сол аула клубтарына баратын жасөспірімдердің өзін танытуға мүмкіндік беріп, тәлімгерлердің еңбегін бағалау, – дейді ол.
Жоба бірнеше ай бойы жалғасып, балалар мен жасөспірімдер аула клубтарында күнделікті сабақтар өткізіп, түрлі бағытта өздерін дамытады. Олар: спорттық турнирлер, би, музыка, сурет, шахмат үйірмелері, шығармашылық қойылымдар секілді.
.jpeg)
.jpeg)
Бүгін сол қанша уақыт еткен еңбектің нәтижесін көрсететін сәт келді. Сахна төріне елорданың ең белсенді, ең талантты, ең үздік жас қатысушылары шақырылып, оларға алғыс хаттар табысталды.
Айнұр Олжабайқызы – "Ақжол" аула клубының үйлестірушісі. Ол 2024 жылдан бері осы аулада қызмет жасап келе жатқанын айтады.
"Ақжол" аула клубы екі бағытта жұмыс жасайды. Біріншісі – спорттық, екіншісі – шығармашылық бағыттар. Бүгінде тәрбиеленушілеріміз шахмат, дойбыдан әлем чемпионы болып, алтын, күміс медальдарын иемденіп келіп жатыр. Бүгінгі шараға сол дойбыдан орын алып жүрген 6 баланы алып келдік, – дейді ол.
Айнұр Олжабайқызының сөзінше, домбыра үйірмесінің қатысушылары да байқауларда топ жарып жүр. Бүгінде аула клубына 80-ге жуық бала қатысады.
Ал "Талғат" және "Дина" спорт клубтарының жетекшісі Болат Рамазанұлы шәкірттері республикалық, әлемдік байқауларда топ жарып жүргенін айтады.
Жалпы бізде екі клуб бойынша 500-ге жуық бала бар. Бүгінге дейін спортшыларымыз қалалық, облыстық, республикалық байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүр. Аула клубтарына мемлекет тарапынын жаттықтырушылардың жалақысына көмек көрсетіліп отырады. Әрине, ол бізге үлкен көмек, – дейді ол.
Сондай-ақ ол болашақта қазіргі тәрбиеленушілерден нағыз спорт шеберін шығару мақсаты тұрғанын айтты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, "AulaFest" – аула клубтары арасындағы байланысты нығайтатын, балаларға сенім сыйлайтын әлеуметтік жоба. Жасөспірімдер үшін мұндай алаңның маңызы ерекше. Олар бір-бірінен үйренеді, жаңа ортаға бейімделеді, қабілетін ашуға мүмкіндік алады. Ең бастысы, өз еңбегі бағаланатынын сезінеді.
Аула клубтарының жұмысы тек сабақ пен жаттығудан тұрмайды. Мұнда балалар өз ортасын тауып, жаңа достарымен араласып, бос уақытын пайдалы өткізуге үйренеді. Тәлімгерлердің айтуынша, көптеген жасөспірім дәл осы клубтарда өз болашақ мамандығын анықтап, өмірлік мақсатын қалыптастырып жатады. Бірі спортқа жақындай түссе, енді бірі шығармашылық бағытта өсіп, түрлі қалалық іс-шараларда өнер көрсетеді.
Биылғы "AulaFest" те осы еңбектің нақты нәтижесін көрсетті. Кешке жиналған ата-аналар, жаттықтырушылар мен көрермендер балалардың жетістігіне шын жүректен қуанып, олардың әр өнерін жылы ықыласпен қабылдады. Осындай жобалардың арқасында елордалық жастардың бойында жауапкершілік, еңбекқорлық, командалық рух қалыптасады. "AulaFest" қатысушылардың өзіне деген сенімін арттырып, алдағы жетістіктерге жол ашады.