Бұл туралы Астаналық Полиция департаментінің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Әйгерім Даркембаева айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның мәлімдеуінше, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың қайталанбауы үшін 2023 жылдың 12 айында сотта 6595 әкімшілік іс қаралған. Отбасында жанжал шығаратындарға қатысты 9090 нұсқама шығарылып, соттың шешімімен құқық бұзушының мінез-құлқына 582 ерекше талап қойылған.
Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлері «қорғау нұсқамасы» шығарылған тұлғаларды қадағалау тәжірибесін енгізді. «Қиын өмірлік жағдайдағы жеке тұлғалар мен отбасыларды қолдаудың ықпалдастық орталығы» мамандары мен учаскелік инспекторлар бірлесіп 5 отбасына әлеуметтік-құқықтық және психологиялық көмек көрсетті. Сонымен қатар пилоттық режимде ODARA жүйесін пайдалана отырып, тұрмыстағы зорлық-зомбылық қаупін бағалаудың халықаралық тетігі енгізілді. Оның көмегімен ҮЕҰ психологтарын тарта отырып, агрессорлармен жұмыс жүргізіліп, тұрмыстық салада қылмыс жасауға бейім тұлғалар анықталды, - деді Даркембаева елордада өткен отбасылық зорлық-зомбылық тақырыбындағы брифингте.
Еске сала кетсек, бұған дейін елімізде тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін жаза күшейтілгенін жазған едік.