Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Астанада "Ұлы дала қолөнершілер керуен көші" республикалық жәрмеңкесі өтіп жатыр

Бүгiн, 15:50
238
Бөлісу:
 Астана қаласы әкімдігі
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Елордадағы "Ұлы дала қолөнершілер керуен көші" республикалық жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Тәуелсіздік күніне орай "Ұлы дала қолөнершілер керуен көші" жәрмеңкесін ұйымдастырып отырмыз. Мұндағы мақсат – отандық қолөнершілердің басын қосу, олардың жасаған дүниелерін көпшілікке ұсыну, ұлттық өнердің дамуына серпін беріп, қолөнер шеберлерін қолдау және тұрғындарға ерекше этномәдени атмосфера сыйлау. Сатылымға шығарылған дүниелердің бағасы – көпшілікке қолжетімді. Сондай-ақ жәрмеңке аясында ерекше қажеттіліктері бар балалар сән көрсетілімін өткізеді. Мақсат – оларды қоғамға бейімдеу. Бүгін басталған жәрмеңке үш күнге жалғасады, – деді ҚР "Хас Шебер" отандық өнімді дамыту қауымдастығының президенті Зиуар Жұманова.

Мұнда Қарағанды, Қостанай, Қызылорда секілді облыстардан 100-ге жуық қолөнерші келген.

Олардың біреуі ойыншық, енді бірі әшекей бұйымдарын елорда тұрғындары мен қонақтарына ұсынып отыр.

Бұл жәрмеңкеге Көкшетаудан келіп отырмын. Осы іспен 5 жылдан бері айналысамын. Негізінен бұл – пандемия уақытында хоббиден басталған кәсіп. Қазақи оюлармен өрнектелген тақия тігемін, қыз-келіншектерге арналған әшекей-бұйымдар жасаумен шұғылданамын. Бастысы бұл іс маған ұнайды. Жасаған дүниелерімді әлеуметтік желі арқылы және жәрмеңкелерде сатамын, – деді Жібек Сұлтанова.

Жәрмеңке сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін болады.

Мұнда келушілер еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған шеберлердің қолынан шыққан бірегей бұйымдарды көріп, ұлттық өнердің жандануына куә бола алады.

Қала тұрғындары мен қонақтары үшін кіру тегін.

Өзгелердің жаңалығы