Астанада теннистен жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтіп жатыр

Бөлісу:
Астанада теннистен жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтіп жатыр
Фото: gov.kz

Теннистен 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында 15-19 шілде күндері дәстүрлі ATF 16&UNDER BABOLAT OPEN турнирі өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астанада балалар мен жасөспірімдер арасында тенниспен айналысатындар саны артып, тұрақты түрде турнирлер ұйымдастырылып келеді. Соның бірі — ATF 16&UNDER BABOLAT OPEN.

Дәстүрлі жарыстың биылғы додасын 60-тан астам теннисші бас қосты. Олардың арасында Ресей мен Германиядан келгендер де бар.

Жасөспірімдер арасында халықаралық турнирлер айына 3-4 рет өтіп тұрады. Теннис – қымбат спорттардың қатарына кіретіндіктен, өкінішке қарай, барлығына қолжетімді емес. Оның үстіне әр теннисші турнирге қатысу-қатыспауын өзі шешеді. Бірақ спорт басқармасы болашағы бар, нәтижесі жақсы спортшыларға қолдауын үнемі көрсетіп тұрады. Балалар арасында қалалық, ішкі турнирлер де жиі ұйымдастырылады. Нәтижесінде сан сапаға ұласып, халықаралық аренада ел намысын қорғайтын спортшылар өсіп шығады, - деді жарыс ұйымдастырушылар.

Қазірдің өзінде жасөспірімдер арасынан Әмір Омарханов, Заңғар Нұрланұлы, Асылжан Арыстанбекова сияқты спортшыларымыз әлемдік ірі додаларда мықтыларды ұтып, көзге түсіп жүр.

Айта кетейік, бұл турнирде кубок қана сарапқа салынбай, әр теннисші рейтингте жоғары көтерілуге мүмкіндік алады.

Өзгелердің жаңалығы