Астанада тегін үйірмелер жабылуы мүмкін

3 Наурыз 2023, 21:46
1249
Бөлісу:
Астанада тегін үйірмелер жабылуы мүмкін
Фото: Астана әкімдігі

Астанада 50 мыңнан аса баланы қамтыған тегін үйірмелер жабылуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.

Олжас Қайнолла – бокс шеберлерін дайындайтын бапкер. Оның айтуынша, жыл басталғалы маңдай термен тапқан айлығын ала алмай жүр. Балаларды тегін дайындап, ғимараттың ақысын өз қалтасынан төлеп әлек. Ақшасы таусылған маман мәселе «Даму бала» порталы шыққалы басталғанын айтты. Бұрынғы сайтпен жұмыс істеуге ата-аналар да, өздері де үйреніп қалған.

«Платформа көп, заңды-заңсыз» деп халықты шаршатып жіберді. Шынын айтқанда, халық кімге сенерін білмейді. Біз ата-аналарға түсіндіреміз. Бапкерлер жаман атты болып қалдық, – деді бапкер Олжас Қайнолла.

Бапкердің айтуынша, бүкіл проблема Аrtsport-edu-kz сайтынан «Даму бала» порталына ауысудан басталған. Ата-аналар алғашқы сайтқа енді үйренгенде, жаңа портал ашылған. Жаттықтырушылар «көпшілікті әбігерге салып қойды» деп ашынады. Соның кесірінен де ақшасын ала алмай жатқан көрінеді. Тегін секцияға 1 емес, 2 баласы қатысатын Рашида Қожахметованың айтуынша, сананы тұрмыс билеген заманда осылай жалғаса берсе, үйірмелерді тоқтатуға тура келеді. Ол бағдарламаның арқасында қызының сурет салуға ынтасы ашылып, шахматты жақсы меңгергенін айтты. Енді үйірмелер жабылса, ақша төлеп қатыстыруға мәзбір болады.

Тегін үйірме ашылғалы балаларымның психологиясы да өзгерді. Бізбен көбірек сөйлесетін болды. Тегін болғаннан кейін өзінің қалаған секциясына бара алады. Ал егер ақылы болса, көп бала ата-анасына үйірмеге қатысқысы келетін айтуға ыңғайсызданады. Әкесінің ақшасын құртпауға тырысады. Бос уақыты көп болғандықтан, ертелі-кеш телефонға телміріп отырды. Ал 5-10 жылдан кейін оның зиянын көреміз. Сондықтан жоба керек, – деді ата-ана Рашида Қожахметова.

Балаларға үйірмені тегін өткізіп жүрген мамандардың айтуынша, қалалық әкімдік биыл тек ақпан айы үшін 1 миллиард теңгеге жуық қаражат қарыз. Әкімдік өкілі бұл ақпаратты растап отыр. Маманның айтуынша, Қазақстанда табельдерді қабылдап, оқушылар туралы ақпаратты бір жүйеге біріктіретін сайт әзірге біреу ғана. Ол – Аrtsport платформасы. Енді жергілікті билік аталған сайтпен келісімшарт жасап жатыр.  

Өнім берушілерге ақша беру үшін 3 айға «Сабдеков» ЖШС-мен келісім жасалып жатыр. Конкурсты жариялап, жеңімпаз анықталғанша, жұмыс жасауға келістік, – деді Мәдениет және спорт басқармасының бөлім басшысы Азамат Ағзамов.

Яғни, биыл қаңтар, ақпан, наурыз айында тегін үйірмелерді ұсынып отырған адамдарға Аrtsport порталы арқылы қызмет көрсетіледі, қаражат аударылады. Ал Астана қаласының әкімдігі осы уақыт ішінде талапқа сай келетін басқа компания тауып, келісуі керек. 

Айта кетейік, елордада 50 мыңнан аса бала тегін үйірмеге қатысып жүр. Ал оларға 2 мыңға жуық маман түрлі секциядан сабақ өткізеді.

Өзгелердің жаңалығы