Астанада қазақы тазы иттерді таныту үшін халықаралық көрме өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
26 мамырда Астанада иттер көрмесі өтеді. Оның аясында арнайы халықаралық комиссия қазақы тазы тұқымындағы 100-ге жуық итті тексереді. Көрмені Қазақстан Кинологтар одағы ұйымдастырды.
Көрмедегі зерттеу қорытындысы бойынша комиссия өз қорытындысын шығарады, ол Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) Бас комитетінің қазақ тазысын халықаралық деңгейде мойындау және «Kazakh Tazy» брендін Қазақстанға бекіту туралы шешімінің негізін құрайды.
Бұл көрме тек бәсекелестік немесе иттердің сүйкімділігін көрсету үшін емес. Бұл – қазақ халқы үшін тарихи маңызы бар іс-шара, еліміздің ұлттық мақтанышы мен мәдени мұрасының нышаны – қазақ тазы тұқымын ұлттық қазына және бренд ретінде бекіту және халықаралық деңгейде таныту мүмкіндігі, - деп атап өтті Қазақстан Кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали.
Қазақы ит тұқымдарын халықаралық деңгейде мойындау үшін FCI міндетті талаптарының бірі иттерді зерттеу, олардың шыққан еліндегі тұқымның жай-күйі мен даму перспективаларын зерттеу болып табылады.
Көрмеге қатысу үшін Қазақстан Кинологтар одағы әртүрлі жас санаттары мен түстердегі 100 итті мұқият іріктеп алды.