Астанада халық саны мен су тұтыну көлемінің өсуіне байланысты сумен жабдықтау инфрақұрылымы кеңейтіліп жатыр. Қалада жаңа сорғы-сүзгі станциялары салынып, қолданыстағы нысандардың қуаты арттырылады. Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жазды.
Қала әкімінің айтуынша, елордада жылумен, электрмен жабдықтау, кәріз, нөсер суын ағызу және сумен жабдықтау жүйелерін салу мен жаңғырту жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп отыр.
Су тұтыну көлемі артқан
2024 жылы Астанада тәуліктік су тұтыну көлемі 340 мың текше метрді құраса, биыл бұл көрсеткіш 380 мың текше метрге жеткен. Осыған байланысты қалада сумен жабдықтау жүйесінің мүмкіндіктерін кеңейту бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр.
Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Бұған дейін үшінші сорғы-сүзгі станциясы (ССС-3) салынып, пайдалануға берілген. Оның қуаты тәулігіне 105 мың текше метр суды құрайды. Ал келесі жылы станцияны кеңейту жобасын бастау жоспарланып отыр. Нәтижесінде оның қуатына тәулігіне қосымша 70 мың текше метр су қосылады.
Техникалық су жеткізу желісі тартылып жатыр
Елордадағы маңызды жобалардың бірі – Телман сорғы станциясынан техникалық су құбырын тарту. Жалпы ұзындығы 13,2 шақырым болатын желінің 10,5 шақырымы төселген.
Аталған құбыр су дайындау станцияларына тәулігіне 50 мың текше метр бастапқы су жеткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Қ. Сәтбаев атындағы арнадан су жеткізетін құбыр тарту арқылы төртінші сорғы-сүзгі станциясын (ССС-4) салу жобасы іске асырылып жатыр. Жаңа нысанның жобалық қуаты тәулігіне 210 мың текше метрді құрайды.
Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі
20-ға жуық жоба жүзеге асырылады
Қала әкімінің мәліметінше, алдағы жылдары Астанада магистральдық су құбырлары желілерін салу бойынша 20-ға жуық жобаны жүзеге асыру қажет.
Бұл жобалар елорданың одан әрі дамуы мен су тұтыну көлемінің артуын ескере отырып жоспарланған. Оларды іске асыру қаланы сумен сенімді әрі үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, инженерлік инфрақұрылымды дамыту – елорданың тұрақты өсуін қамтамасыз ететін негізгі бағыттардың бірі.