Астанада робот-курьерлер тапсырыс жеткізе бастады.
Астанада тапсырысты автономды түрде жеткізетін жаңа сервис тестілік режимде іске қосылды. Жобаның алғашқы кезеңінде Есіл және Нұра аудандарының тұрғындары «Яндекс Лавка» сервисінен тапсырысты жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы арқылы өздігінен қозғалатын робот-курьерлердің көмегімен тегін ала алады, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Пилоттық жоба елорда әкімдігі, қалалық Полиция департаменті, «Astana Innovations» АҚ және Yandex Qazaqstan компаниясының бірлесуімен, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.
Робот арқылы тегін жеткізу қызметіне «Яндекс Go» қосымшасының «Лавка» бөлімінде тапсырыс беруге болады. Егер көрсетілген мекенжай пилоттық жоба аймағына кірсе, пайдаланушы тапсырыс рәсімдеу кезінде кәдімгі курьерді немесе робот-курьерді таңдай алады.
Роботпен жеткізу үшін қосымша ақы алынбайды
Робот тұрғын үйге дейін жаяу жүргіншілер бағытымен келіп, кіреберіс алдындағы тротуарда немесе ең жақын қолжетімді орында тоқтайды.
Пайдаланушы оның қозғалысын қосымша арқылы бақылап, келгеннен кейін смартфонның көмегімен жүк бөлігін ашып, тапсырысын ала алады.
Роботтар навигация жүйелері, компьютерлік көру және нысандарды тану технологияларының көмегімен бағытты өздігінен құрып, айналасындағы жағдайды талдайды. Олар кедергілерді анықтап, айналып өтеді, жаяу жүргіншілерге жол береді, қажет болған жағдайда жылдамдығын бәсеңдетіп, қауіпсіз тоқтай алады. Орташа қозғалыс жылдамдығы шамамен сағатына 6 шақырымды құрайды.
Бағдарламалық қамтамасыз ету мен датчиктер жүйесінің арқасында роботтар түрлі ауа райы жағдайында да жұмыс істей алады.
Айта кетейік, жобаның алғашқы сынақ режимінде іске қосылуы 2026 жылғы 15 шілдеде өтті. Мамандар роботтардың қала көшелеріндегі қозғалысын, жаяу жүргіншілермен және инфрақұрылым нысандарымен өзара әрекеттесуін, сондай-ақ қауіпсіз пайдалану тетіктерін тексерді.
«Астанада тұрғындарға арналған қалалық сервистерді қолжетімді әрі ыңғайлы ету үшін заманауи технологияларды кезең-кезеңімен енгізіп келеді. Бұл жоба аясында біз автономды жеткізу қызметінің қалалық инфрақұрылым жағдайындағы жұмысын бағалаймыз. Негізгі назар қауіпсіздікке, сервистің сенімділігіне және пайдаланушылардың өзара байланысына аударылады. Алынған нәтижелер елордада автономды жеткізу қызметін одан әрі дамытуға негіз болады», – деді Astana Innovations басқарма төрағасы Ғизат Әмірғали.
Пилоттық жобаның іске қосылуы елорда тұрғындары мен қонақтарына тапсырыс жеткізудің жаңа технологиялық форматын күнделікті өмірде пайдаланып көруге мүмкіндік береді. Жоба кеңейген сайын қызмет көрсету аумағы да ұлғаяды.
«Бүгінде елді цифрлық трансформациялау бойынша ауқымды міндеттер жүктеліп отыр. Мемлекет басшысының бастамасымен 2026 жыл Жасанды интеллект және цифрландыру жылы болып жарияланды. Сонымен қатар биыл Digital Qazaqstan стратегиясы қабылданып, онда ұшқышсыз технологияларды дамыту цифрлық трансформацияның негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындалды. Робот-курьерлердің пилоттық іске қосылуы – инновациялардың әзірлеу кезеңінен күнделікті қолданысқа өткенінің нақты мысалы. Біздің міндетіміз – осындай шешімдерді дамытуға және оларды қалалық инфрақұрылымға қауіпсіз енгізуге жағдай жасау», – деді Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов.