Астанада республикалық "Қазақстан барысы" турнирі өтеді

22 Қазан 2024, 14:43
396
Бөлісу:
Астанада республикалық "Қазақстан барысы" турнирі өтеді
Фото: neonomad.kz

26 қазанда Астанада қазақ күресінен XIII республикалық "Қазақстан барысы" турнирі өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл турнирде облыстық жарыстардың қорытындысы бойынша іріктелген еліміздің ең мықты балуандары бақ сынайтын болады.

Олар: еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қала – Астана, Алматы және Шымкент қалаларының спортшылары.

Сондай-ақ турнирге өткен жылғы «Қазақстан барысы» жеңімпазы мен «Әскер барысы» да қатысады.

Турнирдің нәтижесі бойынша ең мықты балуан анықталып, ол 15 миллион теңге көліміндегі бас жүлдені алады.

25 қазанда сағат 16:00-де «Барыс Арена» аумағында балуандардың салмақ өлшеу рәсімі өтеді.

Аталған турнирде Қазақстанның барлық өңірінен келген 43 балуан «Қазақстан барысы – 2024» алтын белдігі үшін күреседі. Турнирдің жалпы жүлде қоры 27 100 000 теңгені құрайды, оның ішінде 3 720 000 теңге спортшылардың жаттықтырушыларына беріледі.

Жүлделер былай бөлінеді: 1-орын үшін – 15 000 000 теңге, 2-орын үшін – 3 300 000 теңге, 3-орын үшін – 1 080 000 теңге. Әр жеңіске жеткен белдесуі үшін балуан 100 000 теңге алады.

Марапаттау рәсімінен кейін турнир жеңімпазымен баспасөз конференциясы өтеді.

Барша спорт сүйер қауым үшін кіру – тегін болады. Сонымен қатар көрермендер үшін ұлттық стильде безендірілген ойын-сауық аймағы ұйымдастырылады. Онда асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ және басқа да ұлттық ойындарды ойнауға болады.

Өзгелердің жаңалығы