Астана. BAQ.KZ. "Сарыарқа" ауданында халықтың әлеуметтік осал топтары және көп балалы отбасылар тұратын үйлерде 500 улы газ датчигі мен 500 түтін құрылғысы орнатылады. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ресми сайты хабарлады.
Қазіргі уақытта "Сарыарқа" ауданыңда аудандық ТЖ басқармасы, жергілікті полиция қызметкерлері және еріктілер қатарынан жеке сектордағы үйлерді аралап шығу үшін мобильді топтар құрылды."Өрттің алдын алу мақсатында елорданың жеке тұрғын үй секторларында түсіндірме жұмыстары жылыту маусымы басталысымен жүргізіледі. Аудан әкімдігі мен ТЖ қызметі осы бағыттағы жұмысты күшейткен. Одан бөлек, қазіргі кезде әлеуметтік осал топтар және көпбалалы отбасылар тұратын үйлерде улы газ бен түтін әсерінен дабыл қағатын құрылғыларды орнату жұмыстары жүріп жатыр", – деді "Сарыарқа" ауданы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Қуаныш Тоқсарин.
Одан бөлек, ауданның жеке кәсіпкерлерінің көмегімен аз қамтылған отбасылар тұратын үйлердің пештерін тексеріп, керек жағдайда пешті жөндейтін мамандардан тұратын топтар құрылған. Олар пеште ақаулық байқаса, жөндеп, пеш құдықтары мен мұржасын тазартып береді. Қуаныш Тоқсариннің айтуынша, құрылғылар демеушілер есебінен орнатылуда. Олар түтінге және улы газға әсер етеді.
"Арнайы дабылды ұйықтап жатқан адам да естиді. Дабылды естісімен тұрғындар дереу құжаттарын жинап, құтқарушыларды шақыра алды. Құрылғының кепілдік мерзімі 5 жылды құрайды. Оны пештен және қызу беретін құрылғылардан алшақ орнату керек. Құрылғыны мүмкіндігінше төбеге, қабырғаға орнатқан жөн. Арнайы индикатордың көмегімен тұрғындар қуаттағышты өздері уақыты ауыстыра алады", – деді Қуаныш Тоқсарин.