Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында қаланы жылумен, сумен қамтамасыз ету мақсатында қандай шаруалар атқарылып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қаланы жылумен және сумен қамтамасыз ететін инфрақұрылым нысандарының жұмыс барысымен таныстым. Олар – ЖЭО-3, ЖЭО-2, ауыз су станциясы (ССС-3), «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциялары. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылдың күзінде біз «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясының, «Тұран» газ жылу станциясының бірінші кезеңінің, құрылысы ұзаққа созылған ЖЭО-3 нысанын аяқтадық. Бұл нысандар қалаға 1100 сағ/Гкал-дан астам жылу береді. Осылайша бізге жылыту маусымында профицитке шығуға мүмкіндік береді, – деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Сонымен қатар, өткен жылдың жазында Астана су қоймасынан тартылатын су құбыры және үшінші ауыз су станциясы салынды.
Жоғарыда аталған нысандардың бәрі штаттық режимде жұмыс істейді. Қаланы алдағы уақытта да жылумен және сумен қамтамасыз ету үшін қуатын арттыру және жаңа нысандар салу бойынша жүйелі жұмыс жүргіземіз. Мәселен, биыл тағы бір «Телман» газ жылу станциясын (1-кезек), «Тұран» ГЖС екінші кезегін саламыз. Олар қалаға тағы 850 Гкал/сағ жылу қуатын береді.Қаланы перспективалы түрде ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қазір су құбырының екінші желісін салу жұмысы жүріп жатыр. Нұра жерасты су көзінен су құбырын жобалау және Телман сорғы станциясын кеңейтуді жобалау жұмысы аяқталып қалды, – деп жазды Жеңіс Қасымбек.