Астанада Қазақстанның еңбекші әйелдерінің I форумы өтеді

10 Сәуір 2024, 20:57
1630
Бөлісу:
Астанада Қазақстанның еңбекші әйелдерінің I форумы өтеді

2024 жылдың 12 сәуірінде Астанада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының Халықаралық еңбек ұйымымен бірге ұйымдастырған «Еңбек саласындағы әйелдер: жаңа шешімдер уақыты» тақырыбында Қазақстанның еңбекші әйелдерінің I форумы өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Форумға 23 саладан 55 түрлі мамандық өкілі, барлығы 60-тан астам делегат, кәсіподақ жетекшілері, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, Халықаралық еңбек ұйымының және Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының сарапшылары, ұлттық әріптес кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары және әлеуметтік әріптестер қатысады. 

Шара аясында әлемнің үздік үлгілеріне сүйене отырып мемлекеттің гендерлік саясатын жетілдіру, қоғамдағы әйел рөлінің маңызын арттыру, олардың әлеуетін дамыту, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау, жұмыс орнында тиісті жағдай жасау, сондай-ақ, қызметте қандай да бір кемсітуге жол бермеу мәселелері бойынша тиімді ұсыныстар талқыланады. 

Жиын барысында делегаттар ҚР Кәсіподақтар Федерациясының «Қазақстан Республикасындағы әйелдердің еңбек құқығы» социологиялық зерттеуінің нәтижесімен танысады. 2 мыңнан астам еңбекші әйел қатысқан зерттеу жұмысында авторлар бүгінгі таңда әйелдердің әлеуметтік мәселелерін қамтитын, сондай-ақ, олардың құқығы мен мүддесін қорғау деңгейін анықтайтын сараптама нәтижесін ұсынады.  

Форум делегаттары өндіріс орындарындағы еңбекші әйелдердің құқығын қорғау, ұжымдық келісімшарттарда әлеуметтік кепілдік беру, сонымен қатар, денсаулық сақтау, демалыс ұйымдастыру, оқу-ағарту және нәтижелі жұмыспен қамту туралы ойларын ортаға салады.  

Шара соңында Қазақстанның еңбекші әйелдері І форумының қатысушылары Резолюция қабылдайды. Құжатта еліміздегі еңбекші әйелдерге тең мүмкіндік беруді және құқығын қорғауды көздейтін ұсыныстар қамтылады.  

Өзгелердің жаңалығы