Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында қазақ күресінен өтетін «Қазақстан Барысы – 2025» XIV республикалық турнирінің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл — өңірінің намысы үшін бозкілемге шығатын ең мықты балуандардың шешуші айқасы. Турнирге еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан үздік спортшылар қатысуда. Сондай-ақ, өткен жылғы «Қазақстан Барысы – 2024» чемпионы Ерасыл Қажыбаев пен «Әскер Барысы» турнирінің екі балуаны да бозкілемге шықпақ. Жалпы қатысушылар саны – 43 балуан. Барлығы жеребе рәсімінен өтіп, алынған реттік нөмірге сәйкес бозкілемге шығып, күш сынасатын болады.
Турнирдің ашылу салтанатында ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Маратұлы сөз сөйлеп, қатысушылар мен жанкүйерлерді турнирдің басталуымен құттықтады.

Қазақ дәстүріне сай, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, қазақ күресінің ардагері Марат Жахит бозкілемге шығатын балуандарға ақ батасын беріп, әділ және тартысты белдесулер тіледі.
.jpeg)
Алғашқы белдесулер сағат 13:40-та басталды. Көрермендер турнирді «Qazsport» телеарнасынан және «Кинопоиск» сайтынан тікелей эфирде тамашалай алады.

Биылғы турнирдің жеңімпазы «Қазақстан Барысы – 2025» атағын иеленіп, ұлттық спорттың айрықша нышандары – «Алтын белбеу» мен алтын «Тайтұяқтың» иегері атанады. Жалпы жүлде қоры – 27 миллион теңге. Жүлделер келесідей бөлінген: 1-орын – 15 000 000 теңге, 2-орын – 3 300 000 теңге, 3-орын – 1 080 000 теңге. Сонымен қатар, әрбір жеңіске жеткен балуанға 100 000 теңге көлемінде сыйақы табысталады. Жалпы жүлде қорына бапкерлерге арналған сыйақылар да кіреді.