Елордада соңғы бірнеше күнде толассыз қар жауды. Қалың қар жауған жағдайда қаланың коммуналдық қызметі тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейді, деп хабарлайды BAQ.KZ Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
15 қаңтар күні таңертең қар тазалау жұмысына 2 500-ден астам жол жұмысшы жұмылдырылды.
Қаланы қар мен мұздан тазарту бойынша күндізгі ауысымға 2 526 жол жұмысшы және 1 600-ден астам арнайы техника шықты.
15 қаңтарға қараған түні коммуналдық қызметтер Астанадан 30 мың текше метрге жуық қар шығарды, бұл 2 169 ауыр жүк көлеміне тең.
Қыс мезгілінің басынан бастап қар полигондарына барлығы 154 134 рейс, яғни 2,1 млн текше метрден астам қар шығарылды.
Айта кетейік, Астанада бірнеше қар полигоны жұмыс істейді. Олардың барлығы самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен, бейнебақылаумен және жарықтандырумен жабдықталған.