Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Астанада қар күреуге 400-ден аса жұмысшы мен мыңға жуық техника жұмылдырылды

Бүгiн, 10:50
198
Бөлісу:
 Астана қаласы әкімдігі
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада коммуналдық қызмет мамандары күшейтілген әрі тоқтаусыз режимде жұмыс істеп жатыр. Қар күреу жұмысына күнделікті мыңдаған маман мен арнайы техника жұмылдырылады, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігіне сілтеме жасап.

12 желтоқсан күні коммуналдық қызметтер 1634 рейспен қала аумағынан 20 мың текше метрден астам қар шығарды.

13 желтоқсанға қараған түні қар күреу жұмысына 413 жол жұмысшысы мен 972 арнайы техника жұмылдырылды.

Қыс мезгілі басталғалы бері елордадан жалпы көлемі 481449 текше метр қар 37749 жүк көлігімен шығарылды.

Алдымен негізгі магистральдар мен қоғамдық көлік бағыттары тазаланады. Осыдан кейін қар жинау жұмысы қозғалыс қарқыны орташа учаскелерде – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда жалғасады.

Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолда және тротуарларда барынша мұқият болуға, сондай-ақ ауа райы қолайсыз кезде алыс жолға шықпауға шақырады.

Өзгелердің жаңалығы