Астанада боран мен саршұнақ аязға қарамастан, коммуналдық қызмет мамандары тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
23 қаңтар күні таңертең қар күреу жұмысына 2 700-ге жуық жол жұмысшы мен екі мыңға жуық арнайы техника жұмылдырылды.
23 қаңтарға қараған түні коммуналдық қызметтер елордадан 4 006 жүк көлігімен қар шығарды, бұл – 53 мың текше метрден астам қар.
Қыс мезгілінің басынан бастап полигондарға қаладан 299 343 ауыр жүк рейсімен 3,8 млн текше метрге жуық қар шығарылды.
Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.
Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.
Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.
Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.
Төтенше жағдай туындаған кезде "112" нөміріне хабарласыңыз.