Іс-шарада десанттық-шабуылдау әскерлері соғыстағы ұрыс барысын бейнелейтін көрініс қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Астанада Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында Amanat партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған дәстүрлі «Qaisar» әскери-патриоттық ойындарының ашылу салтанаты өтті.
Ақтық кезеңнің басталғанын айшықтайтын салтанатты іс-шараға партия хатшысы Дәулет Кәрібек, Қорғаныс министрінің өкілдері, Парламент депутаттары және қарулы күштердің ардагерлері, танымал спорт жұлдыздары қатысты.
Жүрегінде отаншылдық рухы жалындаған жастардың жаңа буыны өсіп келе жатқанына бәріміз куәміз. Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді одан ары өркендету қазіргі ұрпақтың қасиетті борышы. Дәстүрге айналып келе жатқан «Qaisar» әскери-патриоттық ойындары – отаншыл жастарды адал қызмет етуге, ел қорғаны болуға тәрбиелейтін бірегей алаң. Былтыр іріктеу кезеңіне 1 700-ге жуық жас азамат қатысқан болса, биыл қатысушылар саны 3 000-нан асты, – деді Дәулет Кәрібек.
Жастар – егемен еліміздің болашағы. Сондықтан бүгінгі іс-шараның маңызы зор.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар жастар жиналды. Сіздер өз өңірлеріңізде қатардан қара үзіп, бүгінгі ақтық кезеңге жолдама алып келдіңіздер. Ал енді елорда төрінде жеңіске жету үшін осыған дейін жиған білім-біліктеріңізді, дара дағдыларыңызды, төзімдеріңізді танытасыздар деген ойдамын, – деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов.
Іс-шара барысында десанттық-шабуылдау әскерлері соғыстағы ұрыс барысын бейнелейтін көрініс қойды.
Мен үшін бәрің жеңімпазсыңдар. Ел қорғау – қасиетті борыш. Өздеріңдей өрендер елімізге қашан да қажет. Біз ақылды, сабырлы, санасы сергек, ойы ұшқыр жастарға қарап сүйсінеміз. Әрдайым қайсар, өжет, алғыр болыңдар, – деді Қарулы күштер ардагері, контр-адмирал Ратмир Комратов.