Астанада қолына пышақ ұстап, жартылай жалаңаш күйде жүгіріп жүрген ер адам тұрғындардың зәресін алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айналасына қауіп төндірген ер адамның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Оқиға Достық пен Республика даңғылдарының қиылысында болған.
Кадрларға қарағанда, белгісіз ер адам қолына пышақ ұстап, біреуді іздеп, соңынан қуып жүргендей көрінеді.
Біраз уақыттан кейін ол жолдың қақ ортасында қалдырып кеткен көлігіне барып мінген.
Елордалық полиция пышақпен жүрген ер адамның ұсталғанын хабарлады.
Құқық бұзушы анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Оған қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік материал толтырылды. Іс материалдары сотқа жолданды, – деді Астана қаласы ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте жол белгісін сындырған екі жігіт ұсталды.