Астанада полициясы күніне орай фотокөрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, бұл іс-шара - азаматтардың құқықтық санасын нығайтуға, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікке, құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған.
Көрмеде 20-ға жуық сурет бар.
Фотокөрмеде полицияның күнделікті атқарып жатқан жұмыстары көрсетілген. Суреттерде полиция қызметкерлерінің қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы ерліктері мен жанкештілігі бейнеленді. Біздің тәртіп сақшылар тек қоғамдық құқық бұзушылықтың алдын алып қоймайды, елімізде болған төтенше жағдай кезінде де құтқарушылармен бірге жұмыс істеді. Су тасқыны және өрт кезінде полиция қызметкерлерінің қоғам көрмеген ерліктері көп. Елімізде қандай қиын жағдай болса да олар қызметтерін адал атқарып келеді. Біздің мақсат - халыққа ішкі істер органдарының жұмысын таныстыру және полиция қоғамға жақын деген түсінікті одан әрі кеңейту. Фотокөрмеде кинологтар, патрульдік полиция, жергілікті полиция қызметкерлерінің және "Сұңқар" арнайы бөлімшесінің жұмыстары көрсетілген, - дейді Ішкі істер министрлігінің ақпараттық саясат департаментінің сарапшысы Орынбасарова София Талғатқызы.
Көрмеге келушілер ІІМ Ұлттық ұланы үрмелі оркестрінің концертін тамашалады.
Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің күнделікті қолданатын заттарымен танысты.
Су тасқыны басталғаннан бастап, Ұлттық Ұлан мен полиция қызметкерлері елді мекендерде құтқару жұмыстарын жүргізді. Одан бөлек, тікұшақтармен өңірлерге гуманитарлық көмек жіберді. Сондай-ақ қараусыз қалған үйлердің қауіпсіздігін сақтады. Құтқарушылармен бірге етене жақын жұмыс істеді, - деді ол.
Сондай-ақ салтанатты іс-шарада полиция капитаны Бейбіт Есбергенов келесі аптада келетін шетелдік қонақтарға байланысты Астанада қызметтік бақылау күшейе түсетінін айтты.
Әр қызметкер өзіне берілген қызметіне сай күнделікті міндетін атқарады. Біз әрқашан халықпен біргеміз және халықпен жұмыс істеуден шаршамаймыз. Біз қандай жағдай болмасын, әр азаматты қорғауға дайынбыз, - деді Бейбіт Есбергенов.