Астанада Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп жатыр

Отырыста бір заң жобасы қаралады.

 Мәжілістің баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 10:30
Бүгiн 2026, 10:30
115
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Астанада Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Отырыс Үкімет үйінде өтуде және сағат 10:00-де басталды. Оған Сенат пен Мәжіліс депутаттары, сондай-ақ Үкімет мүшелері қатысуда.

Бұған дейін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Парламент Палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы өкімге қол қойған болатын.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес 2026 жылғы 20 наурыз күні сағат 10.00-де Астана қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысы шақырылсын, – делінген өкім мәтінінде.

Парламент Палаталарының бірлескен отырыстары Конституцияда көзделген мәселелерді қарау үшін өткізіледі. Күтіліп отырғандай, отырыс барысында депутаттар бірінші оқылымда «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасын қарайды. Заң жобасы қазірдің өзінде Парламент қарауында.

Премьер-министрдің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 18 наурызда Үкімет отырысында хабарлағандай, құжат жергілікті басқару органдарының құрылымы мен өкілеттіктерін айқындайды, сондай-ақ инвестицияларды қорғау және олардың тұрақтылығын қамтамасыз ету шараларын қарастырады.

Заң жобасы Алатау қаласының экономикалық дамуын жеделдету үшін арнайы құқықтық режим енгізуді көздейді. Атап айтқанда, ерекше салықтық және бюджеттік шарттарды қолдану, цифрлық активтер айналымын реттеу, ұшқышсыз технологияларды дамыту және халықаралық стандарттарды енгізу туралы сөз болып отыр, – деді Серік Жұманғарин.

Сондай-ақ заң жобасын наурыз айының соңына дейін Мемлекет басшысының қарауына енгізу жоспарланып отырғаны мәлім болды.

Наверх