Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Астанада параспортшылар ағаш отырғызу акциясына қатысты

Әсел ӘБІЛБЕК
23 Мамыр 2025, 16:20
581
Бөлісу:
 Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қатысуымен ағаш отырғызу шарасы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Игі бастама табиғатты қорғау, жасыл аймақтарды көбейту және параспортшылардың қоғамдағы белсенділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.

Шараға елімізге танымал параспортшылар мен олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ жаттықтырушылар қатысты. Олардың арасында, пара оқ атудан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Паралимпиада ойындарының қатысушысы- Севда Алиева, параспортшы- Ерсұлтан Наметуллаев, Токио-2020 Паралимпиадасының 5-орын иегері, 2023 жылғы Азия ойындарының және Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Париж-2024 Паралимпиадасына қатысушы - Сиязбек Далиев, пара оқ атудан ҚР жүлдегері, Паралимпиада ойындарының жүлдегері - Ардақ Оторбаев, 2023 жылғы Пара жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионы, 2024 жылы Дубайда өткен Халықаралық Гран-При турнирінің жүлдегері, ҚР бірнеше дүркін чемпионы. Мемлекет басшысының "Шапағат" медалінің иегері - Айсұлу Сүлейменова, параспортшы - Руслан Ахметов, пара жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР бірнеше дүркін чемпионы, 2024 жылғы Әлем кубогының кезеңінің күміс жүлдегері, пара би спортынан әлем чемпионы - Али Тұрғанбек бар. Астана қаласы әкімдігінің "Елорда" мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының жетекшісі Азамат Тағаев "Таза Қазақстан" экологиялық акциясынан бөлек спортшыларды қандай жарыстар күтіп тұрғанын айтты.

Қазіргі уақытта үлкен спорттық шараға дайындалып жатырмыз. Елордада 30 мамыр мен 12 маусым аралығында тірек-қимыл аппараты, көру мүшесі зақымданған және зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар арасында Қазақстан Республикасының VII Пара спартакиадасы өтеді. Биылғы Спартакиадаға еліміздің 20 өңірі мен қалаларынан 2000-ға жуық спортшы қатысады. Ерекше атап өтерлігі, 2025 жылы алғаш рет зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар да жарысқа қатысады. Олар жүзу, жеңіл атлетика және үстел теннисі бойынша өз шеберліктерін көрсетеді, - деді ол.

Сондай-ақ биыл қараша айында Токиода Сурдлимпиада ойындары өтеді. Бұл додаға Астана қаласынан төрт үміткер қатысады деп жоспарланып отыр. Ал, желтоқсан айында Дубайда Параазиялық жастар ойындары өтеді. Оған да елдің атынан сынға түсетін спортшылар бар. Олар үш спорт түрінен – параканоэ, паражүзу және пауэрлифтингтен жарысқа қатысады.

Бүгін "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында мүмкіндігі шектеулі спортшыларымыз да ағаш отырғызу іс-шарасына қатысты. Бұл – олардың қоғам өміріне белсенді араласып, патриоттық әрі экологиялық тәрбиені насихаттау жолындағы үлгілі қадамы. Жалпы, іс-шара жоғары деңгейде өтті. Спортшыларымыз жігерленіп, алдағы жарыстарға дайын екендерін көрсетті, - деді Азамат Тағаев.

Өзгелердің жаңалығы