Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада ІІМ ғимараты алдында әйел өзін өртемек болды, деп хабарлайды inform.kz.
11 сәуір күні сағат 16:38-де «102» пультіне ҚР ішкі істер министрлігі ғимаратының жанында бірнеше әйел өзін-өзі өртегелі жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен «Алматы» ауданы әкімдігінің өкілі келді. Наразылық білдірушілер Алматы қаласында болған қылмыстық іске қатысты шара қабылдаудан бас тартқан жағдайда өз-өздерін өртейміз деп мәлімдеді, – делінген хабарламада.
Қалалық департаменттің мәліметінше, полиция қызметкерлері жиналғандарға жағдайды түсіндіруге тырысқан.
Сол сәтте ұйымдастырушылардың бірі өзіне сұйықтық шаша бастаған. Өз кезегінде учаскелік полиция инспекторы әйел өзін өртеуге жол бермеу үшін жедел әрекет етті. Дегенмен өрт әйелді шарпып үлгерді. Зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жатқызылды. Сонымен қатар полиция қызметкері де қолын күйдірді, – дейді баспасөз қызметі.