Астанада Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастыққа арналған конференция басталды

8 Қараша 2024, 10:44
332
Бөлісу:
Астанада Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастыққа арналған конференция басталды
Фото: Артём Чурсинов

Маңызды шара "Біріктірілген және тұрақты ЦАРЭС (бағдарлама атауы-ред.) аймағын құру" тақырыбына арналған деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Орталық Азия аймағындағы көкейкесті мәселелерді бірлесе отырып шешуге бағытталған конференцияға Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Азия даму банкінің президенті Мацасугу Асакава қатысты. Бірінші боп сөз алған еліміздің Үкімет басшысы ЦАРЭС бағдарламасының аймақтың тұрақты дамуына зор үлесін қосып келе жатқанын жеткізді.

Қазақстан Азия даму банкімен 30 жылдан бері бірлесе жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде жалпы көлемі 6,8 млрд доллар көлеміндегі 30 бірлескен жоба жүзеге асты. Аймақтың дамуына қажетті маңызды жобаларды әрмен қарай да бірлесе отырып жүзеге асыра береміз деген ниетіміз бар, - деді Олжас Бектенов.

Өз кезегінде Азия даму банкінің президенті Мацасугу Асакава Астанадағы конференцияны жоғарғы деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қазақстан үкіметіне алғысын айтты. Мәртебелі мейман биыл біздің елдің төраға мәртебесіне ие болғанын да тілге тиек етті.

Бүгінгі жиынға қатысу мен үшін үлкен мәртебе. ЦАРЭС үшін дәл қазір өте маңызды кезең. Біз осыған дейінгі жеткен жетістіктерімізді саралап, ары қарай даму жоспарымызды белгілеп алуымыз қажет. Осы ретте мен үш маңызды мәселеге тоқталғым кеп тұр. Олар: климаттың өзгеруі, цифрлық технологияларды трансформациялау және тиімді инвестиция жасау. Осы бағытта жемісті жұмыс істеуге жағдай қалыптастыру керекпіз, - деді Азия даму банкінің президенті.

Шара барысында Азия даму банкімен бірқатар мемлекеттердің министрліктері арасындағы келісімдерге қол қойылды.

ЦАРЭС-Орталық Азия Аймақтық Экономикалық Ынтымақтастық (ОАӨЭЫ) бағдарламасы 1997 жылы Азия Даму Банкімен (АДБ) Орталық Азия елдері мен Кавказ және Оңтүстік Азияның іргелес аймақтары арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында құрылған бағдарлама. Бұл бағдарлама 11 мемлекетті қамтиды.

Өзгелердің жаңалығы