Астанада 7-сыныпта оқитын екі оқушының қоғамдық мүлікті бүлдіру фактісі анықталды.
Атап айтқанда, кәмелетке толмағандар Дәурен көшесіндегі аялдамада орнатылған бейнебақылау камерасын қасақана зақымдаған.
Аталған факті бойынша оқушылармен профилактикалық жұмыс жүргізіліп, оларға Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптары, сондай-ақ бөтеннің және қоғамдық мүлікті қасақана зақымдағаны немесе жойғаны үшін көзделген жауапкершілік түсіндірілді.
Әсіресе қоғамдық орындарда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін орнатылған бейнебақылау жүйелерінің маңыздылығы айтылды. Мұндай нысандарды бүлдіру материалдық залал келтіріп қана қоймай, қоғамдық қауіпсіздікке де кері әсерін тигізуі мүмкін.
Сонымен қатар, аталған факт бойынша кәмелетке толмағандардың ата-аналарына қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабының 1-бөлігі бойынша кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды, - деп хабарлады Астана қаласының ПД баспасөз қызметі.
Полиция қоғамдық және бөтеннің мүлкін бүлдіру немесе жою — заңмен тыйым салынған әрекет екенін ескертеді.