Елордадағы барлық негізгі алаңдарда Наурыз мерекесі кеңінен тойланып, қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлап тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астаналықтар мен қала тұрғындары әсіресе “Бәйтерек”, “Қазақ елі” монументтерінің айналасында, EXPO көрмесі алаңында жиналған. Бұл алаңдарда киіз үйлер тігіліп, наурыз көже мен ұлттық дәм пісіріліп, қазақтың ұлттық ойындары ойнатылып, әшекей бұйымдары қойылып қалаға ерекше көрік беріп тұр.
Мысалы “Қазақ елі” монументі алаңында әртүрлі тақырыпқа арналған сегіз киіз үй тігілген. Оның біріне қолөнер шебері Ғазиз Жұмабеков жайғасқан.
Мен Астана шеберлер альянсынан келіп отырмын. Бізде осы Астанада өзіміздің орталық бар. Жыл сайын Наурызға шақырады, шеберлік сағаттарын өткіземіз. Қазір саз сырнай жасап отырмын. Саз сырнай – қазақтың қолөнері, музыкалық үрмелі аспабы. Ежелгі тарихы бар. Келген адамдарға оны қалай жасау керегін, қайдан саз алу керек, қалай күйдіріп, пісіру керегінің бәрін тәптіштеп айтып беремін, - деді ол.
Қолөнерші шығармашылық адам болған соң әр Наурызды қалың көпшілікпен өткізетінін айтады. Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық драма театрында жұмыс істейтін Әсел Абылғазинова да мәдениет саласында қызмет ететіндіктен, әр Наурыз жұмыста болатынын жеткізді.
Мәдениет саласында жұмыс істейтіндіктен, әр наурыз жұмыста боламыз. Мысалы, кеше, бүгін – қойылымның премьерасы. Көбінесе жұмыста жүреміз. Мен экскурсия жүргіземін, театрымыздың музейін басқарамын. Осы салада болғандықтан, мерекенің ортасында жүреміз ғой, - деді ол.
Әсел Абылғазинова театр атынан келушілерге көрме сияқты киіз үй тігілгенін атап өтті.
Киіз үйімізге “Абай ауылы” деп ат қойыпты. Осы жерде Абай рөлін сомдайтын актерымыз отырады. Ақынның шығармашылығын, өмірбаянын еске салады, - деді ол.
Мерекеге келген әже Раукен Абилова биыл Астанаға көктем ерте келіп, қала тұрғындарын қуантқанын айтты.
Ниетімізге қарай қандай жақсы ауа райы болып тұр. Мінекей, жеріміз көгеріп, төліміз боталап, Жаңа жылымызға, Әз Наурызымызға шыққанымызға өте қуаныштымыз. Барлықтарыңызға ұзақ өмір, отбасыларыңызға байлық, дендеріңізге саулық тілеймін, - деп әже ақ тілегін білдірді.