2026 жылғы 19 наурызда Астанада студенттер арасында «Наурыз айтыс» қалалық жас ақындар айтысы өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шара Астана қаласы әкімдігі мен «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтеді. Байқауға елорданың жоғары оқу орындарынан іріктелген 14 жас ақын қатысып, сөз өнері мен домбыра шеберлігін паш етеді.
Айтыстың негізгі мақсаты – ұлттық өнерді дәріптеу, жас таланттарды қолдау және олардың шығармашылық әлеуетін дамыту.
Айтыстың ашылу және қорытынды кезеңіне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов қатысады деп жоспарланып отыр.
Жобаның жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, аталған университеттің филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы.
Байқау тақырыптары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2024 жылдан бері атап өтілетін «Наурызнама» онкүндігі аясында белгіленеді.
Қазылар алқасы құрамында танымал айтыскер ақындар – Өміржан Көпбосын, Еркебұлан Қайназаров, Иран-Ғайып Күзембаев және Мейірбек Сұлтанхан бар.
Жүлде қоры бойынша бас жүлде иегеріне диплом мен ақшалай сертификат табысталады. Сонымен қатар І, ІІ, ІІІ орын алған қатысушыларға да дипломдар мен қаржылай сыйлықтар беріледі. Бұдан бөлек, арнайы номинациялар қарастырылған.
Айтысқа қатысты толық ақпарат пен ережелерді әлеуметтік желідегі @topzhargan парақшасынан білуге болады.