Астана, BAQ.KZ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 14-22 наурыз аралығында Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамына орай Астана қаласындағы мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар мен ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің пайдаланушылары арасында «Астана Наурызы 2019» атты қалалық байқау өтеді, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Шара Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтпек. Байқау шарттарына сәйкес оған аудандық әкімдіктер, басқармалар, акционерлік қоғамдар, мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, қоғамдық бірлестіктер, сауда ойын-сауық орталықтары, бизнес орталықтары, БАҚ және әлеуметтік желілердің пайдаланушылары қатыса алады.
«Қатысушылар киіз үйді ұлттық нақышта безендіру; Наурыз мейрамын қарсы алу рәсімдерін көрсету (Наурыз жырын айту, сәлемдесу, көрісу, кешірім жасау, қайырымдылық көрсету); Наурыз мейрамына арналған бағдарлама ұйымдастыру, ұлттық тағамдар ұсыну сияқты сайыстарда бақ талатырады. Олардың киімдері қазіргі заман талабына сай ұлттық нақышта, жарасымды, этикалық, эститикалық талғамда болуы керек. Ал БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желілердің пайдаланушылары өз материалдары (үздік сюжеттер, бағдарламалар, роликтер, мақалалар, #АстанаНаурызы2019 хештегі бойынша жарияланған посттар) арқылы Наурыз мейрамын насихаттауы тиіс», - дейді ұйымдастырушылар.
14-22 наурыз аралығында конкурс cарапшылары мекемелерді аралап, жоғарыда көрсетілген шарттарға сәйкес оларға баға береді. Байқау қорытындысы 29 наурызда салтанатты іс-шара барысында белгілі болады. Жеңімпаздар мен жүлделі орын иегерлері дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталады.