Астанада мәслихаттардың 30 жылдығына арналған конференция өтеді

6 Наурыз 2024, 18:07
533
Бөлісу:
Астанада мәслихаттардың 30 жылдығына арналған конференция өтеді
Фото: Парламент Сенатының баспасөз қызметі

Бүгін Сенатта еліміздегі мәслихаттардың 30 жылдығына арналған халықаралық конференцияға дайындық барысы талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Осыған орай өткен жиында Палата Спикері Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұйымдастырылып жатқан форум сенаторлардың мәслихат депутаттарымен өзара іс-қимылын одан әрі арттыруды, жергілікті өкілді органдардың қызметіне қатысты маңызды мәселелерді шешуді және өңірлерді дамытуға ықпал етуді көздейтінін атап өтті.

Өңірлерді дамыту және мемлекеттің өңірлік саясатын тиімді іске асыру Сенат жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі. Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев Парламент соңғы жылдарда өңірлердегі проблемаларды шешуге арналған ондаған заң қабылдағанын тілге тиек етті.

Қазіргі таңда Қазақстанда мәслихаттардың қоғамдық-саяси маңызы арта түсті. Осыған байланысты Парламент Сенатының ұйытқы болуымен еліміздегі мәслихаттар институтының 30 жылдығына орай 2024 жылғы 18-19 сәуір күндері халықаралық конференция өткізу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады. Онда Палата Спикері реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жұмыстарының өткен айлардағы қорытындысы және алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде баяндады. Қабылдау кезінде берілген тапсырмалардың бірі – Парламенттің заң шығару қызметіне жергілікті өкілді органдардың депутаттарын кеңінен жұмылдыру.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етудің ерекше рөлін және Палатаның өңірлерді дамытуға тигізіп келе жатқан зор ықпалын атап өтті. Конференция алаңында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған саяси және экономикалық реформаларды іске асыру кезіндегі мәслихаттардың рөлі жан-жақты талқыланады. Қуатты өңірлер әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаттың негізі және елдің драйвері екені анық. Сондықтан өңірлердің теңгерімді дамуына және мәслихаттардың нәтижелі жұмыс істеуіне ықпал ету жолында күш жұмылдырудың маңызы зор, – деді Мәулен Әшімбаев.

Халықаралық конференцияға Парламент депутаттарымен бірге барлық деңгейдегі мәслихаттардың төрағалары, сондай-ақ, қазақстандық және шетелдік сарапшылар қатысады жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы